Аурухана іші арпалысқан өмір

Тынымсыз қоңырау, толассыз түсіп жатқан науқастар, жылаған бала мен ауру меңдеген пациенттер. Мұның барлығы да №2 облыстық ауруханасының қабылдау бөліміндегі күнделікті көрініс.

Медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орай, ақ халаттылардың бір күндік жұмысымен таныспақ ниетте емдеу мекемесіне арнайы бардық. Атырау қаласындағы №2 облыстық ауруханасының қабылдау бөлімінің жұмысымен таныстық. Өйткені қандай науқас болмасын, алдымен осы жерге келіп, диагноз қойылып, содан соң ғана ауруханаға жатқызылады немесе үйінде ем алу үшін қайтарылады.
Біз келгенде ересектерді қабылдау бөлімінің дәрігері Аида  Джантасова науқас Айгүл Тасмағамбетованы қабылдап жатыр екен. Пациент өзін өте жайсыз сезінген соң осында келген. Медбике Ақкенже Таментаева мониторды қосып, науқастың қан қысымын, жүрек соғысын және сатурациясын тексерді.

Дәрігер Аида Джантасова ауруханада үш жылдан бері жұмыс істейді екен. Ол мұнда Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы медициналық университетін бітіріп келген. Жалпы тәжірибелі дәрігер коронавирус инфекциясы өршіп тұрған кезде әріптестерімен бірге көп еңбек сіңірді.
-Пандемия кезінде жұмыс істеу оңай болмады. Буынып-түйініп арнайы форма киіп, уақытпен санаспай жұмыс істедік. Үш-төрт айлап үй бетін көрмедік. Қазір аурудың беті қайтып, бұрынғы өмірімізге қайта оралып жатырмыз. Дегенмен, қазір де арқа басымызды кеңге салып отыратын уақыт емес. Өйткені жаз мезгілі басталғалы бері балалар арасында жіті ішек жұқпалы аурулары, суық тию, желшешек (ветрянка), скарлатина аурулары  көбейе бастайды. Ал ересектер арасында пневмония, созылмалы бронхит, өкпенің созылмалы обструктивті аурулары жиі тіркеледі, - дейді дәрігер.

Өкінішке қарай, пневмония, бронхит және ЖРВИ-мен ауырып келетін жүкті әйелдер қатары көп. Олардың дені ауруханаға жатуда бас тартады екен. Көбі коронавируспен ауырып, иммунитеттері төмендеген. Сондықтан да дер кезінде ем алғысы келмейді. Бұдан бөлек, әйелдер жүктілік жиілігін сақтап, денсаулықтарына көңіл бөлмейді. Биыл біреуін босанса, келесі жылы тағы да аяғы ауырлап келеді екен.

Бөлім меңгерушісі Салтанат Мәлікқызы диагностика бақылау бөлмесін, қарқынды терапия палатасын көрсетті. Мәселен, диагностика бақылау бөлмесінде науқастың диагнозы анықталғанша бір тәулік бойы бақылауға алынып, тиісті шаралар жасалынады. Ал қарқынды терапия палатасында инсульт, жарақат алып келген, қан кету секілді шұғыл көмекті қажет ететін науқастар жатады. Ондағы мақсат – уақыт ұту. Алғашқы көмек көрсетілген соң диагнозына қарай тиісті емдеу мекемесіне жіберіледі.

Инфекционист дәрігер Әсел Оразбекова біз келгенде кішкентай пациентті қабылдап жатыр екен. Шынар Қазиеваның үш жасқа таяған кенжесінің іші өтіп, ана  мен бала әбден әбіржіпті. Қазір жұқпалы аурулар бөлімінде 15 ересек және 100-ден астам балалар ем алып жатыр.

Бөлім меңгерушісі Салтанат Мәлікқызының айтуынша, коронавирус өршіген кезде дәрігерлер тік тұрып, науқастарға қызмет етті.

-Сол кезде науқастардың бойында қорқыныш басым болды.  Олар «Болды, бәрі бітті» деген ойда еді. Біз емдеумен қатар, оларға психологиялық көмек көрсеттік. Әр науқастың туыстарымен телефон арқылы хабарласып, мән-жайдан хабардар етіп отырдық. Өкінішке қарай, вирус жұқтырып, бақилық болып кеткендер де жоқ емес. Олардың көбі қант диабеті, қан қысымы және артық салмағы және басқа да патологиясы бар науқастар еді, - дейді ол.

Модульді жұқпалы аурулар стационарынан короновируспен ауырған 70 жастағы соңғы науқас наурыздың аяғында емделіп шықты. Естеріңізге сала кетейік, дәрігерлер алғашқы пациентті 26 наурызда қабылдаған еді. Бүгінде аурудың беті қайтып, жұртшылық бетперде тақпай, бұрынғы қалыпты өмірге біртіндеп оралып жатыр. 

Қазіргі таңда №2 облыстық ауруханасында резиденттермен қосқанда 75 дәрігер қажырлы еңбек етіп жүр.