Аурудың бәрі ауадан болып отыр...

Атыраудың ауасы үздіксіз санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті қажет етеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазіргі таңда өнеркәсіп жоғары деңгейде дамуына байланысты атмосфералық ауаның қандай да бір дәрежеде ластанатыны белгілі. Әсіресе, қалалық аймақтарда зауыттар, өнеркәсіп орындары көп болғандықтан, мұның барлығы қоршаған ортаға өз әсерін тигізбей қоймайтыны анық.      

Мамандардың айтуынша, атмосфералық ауа қоршаған ортаның өмірлік маңызды компоненттерінің бірі болып табылады. Қоршаған ортаның ластану қаупі факторлары адамның денсаулығы мен өмір сүру ортасына кері әсер етеді.

«Атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көздері қаланың өнеркәсіп және көлік кәсіпорындары болып табылады. Көптеген кәсіпкерлер қаражатты үнемдеу мақсатында тазарту құрылыстарын (сүзгілер, ұстағыштар) орнатпайды және атмосфералық ауаға шығарындыларды тазалаусыз тастайды, осылайша атмосфералық ауаның жай-күйін бұзады, бұл, әрине, қала тұрғындарының денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін» дейді жергілікті мамандар.

Жалпы, атмосфералық ауаның ластануы халықтың аурушаңдығының жетекші факторы болып қала береді және жоғарғы тыныс жолдарының аурулары, астма, қабақтың және конъюнктиваның қабынуы, жиі бас ауруы, бас айналу, әртүрлі аллергиялық көріністердің себепшісі болуы мүмкін.