Атыраулықтардың масадан мазасы кетті

Жаз мезгілі басталғалы бері атыраулықтар масадан мезі болды. Қазір әлеуметтік желілерде зиянкестердің көптігі мен әкімдікке қарата айтылған шағымдар басты тақырыпқа айналды.

Атыраудың барлық аудандарында маса әбден дандайсып, адамдарды аяусыз шағып жатыр. Әсіресе, бұл зиянкестер балаларды аяп жатқан жоқ.  Балалар дейміз-ау, үлкендер де кешқұрым далада жүруден қалды. Мамандардың айтуынша биыл маса жылдағыдан көп. Оған жауын-шашынның мол түсуі себеп болып отыр.



Қазір атыраулықтарды масадан құтқару үшін «AG Disinfection Services» ЖШС қызметкерлері сақадай сайланып, дәрілеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қансорғыштарды улауға 10 бригада жұмылдырылған. Дәрі шашатын техника да жеткілікті. Қолданылатын дәрі-дәрмектердің барлығы мемлекеттік сараптамадан, сынамадан өткен. Бұл жолы «Нұрсая-3», «Жерұйық», Авангард- 2, 3, 4, «Жеңіс» саябағының аумағы, Алмалы ауылдық округы Сәтпаев, Құрманғазы, Жағалау көшелері дәріленді.



Дезинфектор-оператор Иван Ляшев ветргенератор деп аталатын арнайы көлікке орналастырылған құрылғыда су мен дәріні араластырып құйып,  «Нұрсая-3» шағынауданын қарай бет алды. Айта кетейік, 1 текше метр суға 3 литр дәрі араластырылады. Ал оны шашқан кезде 500-600 метрге дейін жетеді. Масадан зәрезап болған тұрғындар дезинфекторларды қуана қарсы алды. Дәл Иван секілді тағы 19 адам қанатты қансорғыштарды дәрілеумен айналысып жүр. Олар таңның атысы, күннің батысы еңбектенуде. Кейде жұмыстар түнгі үшке дейін жалғасады екен. «Үй бетін көрмей кеттік, маса азайса екен» дейді.



«AG Disinfection Services» ЖШС-нің эпидемиологы Гүлсара Ходжибекованың айтуынша, химиялық препараттардың адамдарға да, көкжелекке де зияны жоқ. Керісінше, ағаштар мен шөптің арасында жүрген зиянкестердің көзі жойылады.
-Бізге Дамбы, Еркін қала, Атырау ауылдық округтарынан дәрі емес, у шашып жатыр деген арыз түсті. Сол ауылдардың өкілдері дәрілеу жұмыстары кезінде бізбен бірге жүріп, ақиқатқа көз жеткізді. Қайда барсақ та, алдын ала ескерту жасаймыз. Өйткені, көшеде балалар ойнап жүруі мүмкін. Оларға зияны тимесін дейміз. Мал да көп. Көлігімізді жүргізбей, кедергі келтіреді. Тіпті, короновирус шашып жүрсіңдер деп те, көлік жүргізушісімен төбелесе жаздаған жағдайлар да болды. Адамдар осындай кезде түсіністік танытса екен, - дейді  Г.Ходжибекова.


«AG Disinfection Services» ЖШС директорының орынбасары Нұрлыбек Ахмедияров тендердің кеш басталуына байланысты негізгі жұмыстар бір ай кешігіп,  мамыр айында басталғанын айтты. Дегенмен де, сәуір айында көпқабатты үйлердің жертөлелері мен кіре берістерін дәрілеуді бастап кеткен.  
-Жұмысшылар уақытпен санаспай еңбек етіп жатыр. Дәрі де, техника да жеткілікті. Жұмысшыларды қыста да жұмыспен қамтуға тырысамыз. Бізде 23 адам жұмыс істесе, соның 20-сы маса улаумен айналысады, - дейді ол.
Айта кетейік, маса өте жақсы дамыған жәндік. Оның 3 жүрегі мен екі асқазаны бар. Химиялық препараттарға бойлары тез үйренеді. Сондықтан да дезинфекторлар дәрінің түрлерін жиі ауыстырып тұруға мәжбүр.
P.S: Атырауда масаның 3 түрі бар: Каспиус аедес - Каспий теңізінің жағасында, Дамбыда жүрген үлкен қансорғыш. Мұнан соң Кулинс-пипиенс және Пипиенс-пипиенс деген түрлері бар. Олардың үшеуі де осал жәндіктер емес.