Атыраулықтар таңертең -30 градусқа жуық аязда жылы аялдамаға кіре алмады

Бүгін қала тұрғындары жылы аялдамалар бола тұра автобусты қақаған аязда далада күтуге мәжбүр болды.

Күні бұрын синоптиктер ауа райы суытып, сынап бағанасы -30 градусқа дейін төмендейтіні туралы ескертті. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері қашықтан оқиды деген шешім қабылданды.  Алайда коммуналшылар тарапынан тиісті жағдай қарастырылмады. Мәселен, Владимирский көшесі «Sulpak» дүкеніне қарама-қарсы тұрған жылы аялдаманың есігіне құлып салынған» деген арызбен редакциямызға бірнеше қала тұрғыны хабарласты. Олар жіберген фото және видеода жолаушылардың автобусты сыртта күтіп тұрғанын көресіз.

- Бүгін  және ертең қатты аяз болады деп ескертілді. Бірақ коммуналдық қызметкерлер халықты ойлайды дейсіз бе? Таңғы сағат 08:30 адамдар «Авангард-3» шағынауданындағы  аялдамада тоңып тұруға мәжбүр болды,  - дейді оқырман.

Анықтағанымыздай, бұл аялдама «ЦентрСтройматериалы» ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілген екен. Бұдан бөлек, компания 47 аялдаманың тазалығына жауап береді. Оның алтауы – жылы.

- Біздің қарауымыздағы Владимирский, Баймұханов көшелеріндегі аялдамаларға бейнебақылау қойылған.  Видеоның көмегімен аялдаманың таңғы 07 сағат 40 минутта ашылғанын анықтадық. Бұл аумақта жасы келген әйел жұмыс істейді.  Ол аялдамаларды  таңертең  06:15 пен 07:15 аралығында ашуы тиіс. Бір нүктеден екіншісіне автобуспен жетеді. Қосымша сол аялдамаларды сыпырып, тазалау да соның міндетіне кіреді.  Осы еңбегі үшін ол айына 50 мың теңге жалақы алады. Ал мұндай айлыққа жұмыс істеуге бізге ешкім келмейді, - дейді компанияның үйлестірушісі Гаухар Галимова.