Қыста, әсіресе, шоқыну мерекесінде суға шомылудың пайдасы мен зияны туралы Геолог емханасының дәрігері Әлішер Талғатұлы айтып берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
"Иә, қыстың қақаған аязында мұздай суға түсу организм үшін күйзеліс екенімен келісемін. Кез келген күйзеліс адам денсаулығына зиян екенін де атап өткім келеді. Алайда, тек ұзаққа созылған күйзеліс қана зиянды. Мұны естен шығармаған абзал. Ал суық суға түсу – қысқа мерзімді процедура. Яғни, адам суда белгілі бір уақыт қана болады. Шыққан кезде, бойдағы күйзеліс те ұшты-күйлі жоғалады. Мұндай күйзеліс, керісінше, ағзаның сыртқы факторларға қарсы тұруын арттырады, денені шынықтырады. Десе де, мұздай су созылмалы аурулардан құлан-таза арылуға көмектеспейді. Шомылу арқылы ағзаны шынықтырып, иммунитетті күшейтуге болады, бірақ одан артық ештеңе күтпеңіз" дейді ол бізге берген сұхбатында.
Сондай-ақ, қарсы көрсетілімдер де бар екенін де ұмытпаған жөн. Мәселен, ЖРВИ, жөтел, дене қызуы жоғары адамдарға және жүрек-қан тамырлары аурулары, гипертония, цереброваскулярлық бұзылулар, эпилепсиясы бар адамдарға шомылудан бас тарту. Сол сияқты, бронх демікпесінің өршуі, жүректің созылмалы аурулары, жиі ісіну, ентігуі бар адамдарға болмайды. Жас балаларға, жүкті әйелдерге, емізетін аналарға шомылуға болмайды. Сонымен қатар, операциядан кейін, онкологиялық науқастар, химиотерапиядан өтетіндерге де шомылу қауіпті.