Атыраулықтар жалпықазақстандық ашық диктант жазуға қатысты

Диктант Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында өтті, деп хабарлайды ATPress.kz.

Бүгін Атырау инженерлік-гуманитарлық  институтында  жалпықазақстандық ашық диктант жазу акциясы өтті.  Ол қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, Ұлт ұстазы А.Байтұрсыновтың  туғанына 150 жыл толуына орай ұйымдастырылды.  

Диктанттың тақырыбы  «Ахмет Байтұрсынұлы  дәуірдің дара тұлғасы» деп аталды. Оған этномәдени бірлестіктердің, азаматтық қоғам, жастар ұйымдарының өкілдері,  мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, қоғам қайраткерлері, студенттер мен барлық ниет білдірушілер қатысты.

Жалпы 150-ден астам адам мемлекеттік тілде жатқа жазды. Оның нәтижесі 12 қыркүйек күні белгілі болады.

Ашық диктант – мемлекеттік тілді білуге қатысушылардың қызығушылықтарын арттырып, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайтуды мақсат етеді. Ұйымдастырушылар «әрбір адам үшін сауатты жазу  маңызды» дейді.

Алдағы уақытта акция жалғасын табатын болады.