Атыраулық тұрғын 35 жыл куәліксіз жүрген

Атырауда 35 жылдан бері төлқұжаты болмаған тұрғын жаңа куәлік алды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғыны полиция бөлімінің көші-қон қызмет тобы мен учаскелік полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады. 35 жастағы Құрманғазы ауданының тұрғыны 1996 жылы Ресей Федерациясынан отбасылық себептерге байланысты Қазақстан Республикасына көшіп келген. Алайда ұзақ уақыт бойына денсаулық жағдайына байланысты жеке басын куәландыратын төлқұжаты болмаған. Бұны Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Серік Габдулов өзіне бекітілген әкімшілік аумақты тексеру кезінде анықтады.

Аталған оқиға бойынша Құрманғазы ауданының Көші-қон полиция бөлімшесінің қызметкерлері жұмыс барысында қырағылық танытып, 35 жастағы азаматшаның жеке басын анықтай отырып, тиісті құжаттар тізбесін жинақтап, Орал қаласындағы Елшілікке жолдаған. Сөйтіп, 35 жастағы тұрғынға Ресей Федерациясының атынан жеке басын куәландыратын төл құжатын рәсімдеу арқылы жаңа куәлігі дайындалып, табысталды.

Осы ретте тұрғынның туған әпкесі Айсұлу Утешова көші-қон бөлімшесінің полиция қызметкерлеріне өз құзіреті шегінде атқарған қызметі мен халыққа ашықтық пен ыңғайлы қызмет көрсету қағидасын назарға ала отырып, мемлекеттік көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша шаралар кешенін әзірлеп, іске асырған жұмыстарына ыстық лебізін айтып, ерекше алғысын білдірді. Тұрғындармен жақын қызмет ету – көптеген жәйттің күрделене түсуіне жол бермейтіні анық. Бұл халық үшін де, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктелген полицейлер үшін де маңызды.