Атыраулық театр тұрғындарды таңқалдырды!

Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының 85-ші театр маусымының ашылу салтанатында еркін форматта баспасөз жиыны өтті, деп хабарлайды AtyrauPress.kz тілшісі.

Оның  аясында журналистер театр ұжымына көкейде жүрген сауалдарын қойып, жауабын алды.Театрдың көркемдік жетекшісі, бас режиссер, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Мұқанғали Томанов өз сөзінде жаңа маусымның «Адамзаттың Айтматовы» атанған ұлы қаламгер Шыңғыс Айтматовтың повесі негізінде қойылған «Жәмила» драмасымен ашылуының тегін емес екенін жеткізді. Айтуынша, маусымашар туынды соғыс тақырыбын қозғайтындықтан таңдалып алынған. Себебі бұл – бүгінде өткір тұрған тақырып. Ал, театр қоғамның шығармашылық сұранысын қанағаттындыратын бірден-бір ұлы өнер ордасы болып табылады.

«Биыл 23-27 қараша аралығында облыстық әкімдіктің қолдауымен төртінші рет Рахымжан Отарбаев атындағы республикалық театр фестивалі өтеді деп жоспарлануда. Оған біздің театр «Сұлтан Бейбарыс» қойылымымен қатысады. Сондай-ақ, қарашада Алматы қаласында республикалық театр суретшілерінің көрме-фестивалі өтпек. Оған театрымыздың суретшісі, сценограф Тимур Коесов қатысады» деді театрдың бас режиссері.

Бұдан бөлек, театр ұжымы Максим Горькийдің «Түбінде» («На дне») повесі мен Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесін сахналап, ежелгі грек драматургі Софоклдың «Антигона» туындысын көрерменге ұсынбақшы. Сонымен қатар, балаларға арналған «Қаңбақ шал», «Ақшақар және жеті гном» және басқа да қойылымдар бар. Айта кетейік, бүгінде театрдағы шешімін күткен басты мәселе – маман тапшылығы. Қалғаны жергілікті бюджет есебінен шешілуде.

Ал, «Жәмила» драмасын тамашалуға келген көрермендердің қарасы қалың болды. Залда ине шаншыр бос орын болмады. Олардың арасында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев те бар. Ол өз кезегінде шығармашылық ұжымды жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі. Қойылым кезінде көрермендер тарапынан бір сыбдыр да естілмеді. Бәрі де бұрыннан таныс прозалық шығарманың сахналық нұсқасын ауыздарын ашып тамашалады. Соңында орындарынан тік тұрып қол соқты, зор құрмет пен қошемет көрсетті. Көрермен орындығанан табылған біз де режиссер Мұқанғали Томанов, сценограф Темірбек Мұхтаров, костюм суртешісі Бибігүл Мусина және басқа да қойылымның әсерлі шығуына себепші болған өз ісінің шеберлеріне тәнті болдық.

Жалпы, прозалық шығарманы сахна тіліне аудару оңай емес екені белгілі. Бұл ретте, режиссер басты кейіпкерлердің көңіл-күйін көп сөзбен емес, әдемі іс-қимылмен жеткізуге тырысқаны айқын аңғарылып тұр. Тағы бір атап өтерлік қызық жайт, аталған драмадағы Жәмиланың енесін атақты «Әдемі-ау» әнінің дүниеге келуіне себепші болған, бүгінде 83 жасқа келген театрдың атақты актрисасы, Қарақалпақ АССР-нің Халық әртісі Әдемі Сисекенова ойнады. «Бұлбұл құс туған жерден гүл іздейді» деп басталатын атақты әннің сөзін Бәкір Тәжібаев, әнін Ескендір Хасанғалиев жазған болатын.