Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Осы жылдың 2-3 шілдесінде Қапшағайда әлемдік деңгейдегі спорттық іс-шара өткізілді. Халықаралық додаға әлемнің 12 елінен 1200-ден астам спортшы қатысты. Елімізде тұңғыш рет жүзуден халықаралық ашық суда жүзу чемпионатының кезеңіне Атырау қалалық Полиция басқармасының Тергеу бөлімінің бастығы Айбек Тлешев және оның орынбасары Дастан Габдуллин қатысты. Жарыстың екінші күні қатысушылар 5 және 10 шақырымдық бәсекеде сынға түсті. Оған ТМД елдерінен бөлек Италия, Швейцария, Түркия елдерінен спортшылар қатысып, сайыста бақ сынады.
-Жақсы өнер көрсеттік деп ойлаймын. Қуаныштымын, осындай сайыста 312 адамнан отыздықтың ішінде келдім. Ол да болса жетістік. Осындай жарыстардың көп өткізілуін қалаймыз, деді қатысушы Д.Габдуллин.
Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың сөзінше, жүзу жарысына қатысуға ниет танытқандар көп болған. Бұл көрсеткіш елімізде бұқаралық спорттың дамуына өз септігін тигізеді.
Айта кетейік, Oceanman Kazakhstan жобасының ерекшелігі мұнда жас айырмашылығына байланысты еш шектеу жоқ. Бастысы түрлі дайындықтан өтіп, спортқа деген құлшынысы жоғары болса жеткілікті.