Атырау қаласында бір топ спорт жанашырлары, спортшылар мен бапкерлер дзюдо күресінен әлем чемпионатының жүлдегері Әбиба Әбужақынова мен бапкеріне құрмет көрсетті, деп хабарлайды AtyrauPress.
Мерейлі басқосуда Атырау қалалық дзюдо федерациясы мен бір топ спортқа жанашыр кәсіпкерлер бірлесіп, әлемнің қола жүлдегері Әбибаға екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Ал, спортшы қыздың бапкері Мейіржан Есмағамбетовке атымтай жомарт азаматтар ат мінгізді.
Бұл құрметке ризашылығын білдірген Әбиба Әбужақынова алдағы уақытта да тынбай еңбектеніп, мұнайлы өлкенің абыройын асқақтатуға уәде берді.
- Еңбегімді бағалап, ерекше құрметпен күтіп алып, үлкен сый жасап жатқаны үшін Атырау халқына алғысым шексіз. Бұл менің жеңіске деген жігерім мен ел алдындағы жауапкершілігімді еселей түскендей, - дейді қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионатының қола жүлдегері.
Сондай-ақ ол алдағы жоспарларымен де бөлісті.
– Желтоқсан айының 3-4-і күндері аралығында Токиода өтетін Grand Slam турниріне қатысамын. Одан соң Израилде өтетін жарыста бақ сынаймыз. Әзірге жоспарымыз – осы. Биылғы жетістігіме шүкір деймін. Алдағы екі жарыстан да үміттіміз. Атырауға, осындағы ағайларыма ерекше алғыс айтамын, - дейді Әбиба.
Еске сала кетейік, 48 келіде ел намысын қорғайтын Әбиба Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізіп, ел мерейін асырған болатын. Арада 15 күн өткенде ол өзінің мықты екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп, БАӘ-де өткен «Үлкен Дулыға» турнирінде сол жетістігін қайталады. Жалпы, биыл Әбиба үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қыркүйек айында Астанада өткен Азия чемпионатында ол ел қоржынына күміс жүлде салып, Азияның екі дүркін күміс жүлдегері атанған еді.