Бұл туралы Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті мен облыстық Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасымен бірлескен мониторингтік топ рейдке шықты.
Рейдттік іс-шараға қоғам белсенділері де қатысты. Тексеріс теміржол вокзалынан басталды. Рейд барысында облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов қол арбаға отырып, перронға дейін барып көрді.
- Расымен мұнда арбаға таңылған жандарға еркін қозғалуға мүмкіндік жоқ. Екінші қабатқа өтіп теміржолдың бірінші жолына түсетін пандус жоқ. Сол үшін мүгедек жандар перронға сыртпен айналып баруға мәжбүр. Алайда сыртқы пандус та стандартқа сай емес, перронға өтетін жолдың да тозығы жеткен. Арбаны жүргізген жанның қолы талады. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында арнайы мониторингтік топ құрдық. Өйткені мүгедектерге қолайлы орта қалыптастыруымыз қажет, деді А.Мәмбетов.
Басқарма басшысының айтуынша, осыған дейінде вокзал басшылығына бірнеше мәрте ескерту беріліп, айыппұл да салынған.
Ары қарай мониторингтік топ автобекетке барды. Ғимарат басшысының айтуынша, мұндағы мүгедектерге арналған пандусты жол жиегіне дейін жеткізіп, қайта салу жоспарда екен. Сондай-ақ зағип жандарға арналған тактилді жолдарға да тапсырыс беріпті. Осылайша мүмкіндігі шектеулілерге келеңсіздік тумайтынына сендірді.
Ал халықаралық Атырау әуежайындағы келеңсіздіктер толығымен жойылған. Айта кетейік осыған дейін әуежайдағы дәретхана арбадағы адам үшін ыңғайсыз деп ескерту берілген еді. Мониторингтік топ ескертудің ескерілгеніне көз жеткізді.