Атыраулық самбошы әлем чемпионатынан жеңіспен оралды

Қайырберді Айдынбай әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды, деп хабарлайды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады. Бішкек қаласында 11-13 қараша аралғында самбодан ерлер мен әйелдер арасында әлем чемпионаты өткен болатын. Дүбірлі додаға әлемнің 50 елінің спортшылары бақ сынады. Жерлесіміз 58 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Ол іріктеу кезеңдерінде Қырғызстан, Жапония және Өзбекстан елдерінің спортшыларын ұтты. Ал ақтық сында ресейлік спортшыға есе жіберді.

- Жарыс жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарым да жақсы дайындықпен келгені байқалады. Бұл чемпионатқа біз 8 ай көлемінде дайындалдық. Ендігі кезекте алтын жүлдеге еңбектемін, деді Қ.Айдынбай.

Айта кету керек, Қайырберді Айдынбай тамыз айында Израиль елінде өткен жағажай самбодан әлем чемпионатының және маусым айында Ливанда өткен Азия чемпионатының жеңімпазы.