Атыраулық қылқалам шеберінің мерейтойлық көрмесі өтті

Облыстық Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Суретшілер Одағының мүшесі, «Тарлан» сыйлығының иегері Рафаэль Слекеновтің мерейлі 50 жасына арналған шығармашылық көрмесі өтті деп хабарлайды AtyrauPress.

Музей көрермендерін қылқалам шеберінің өмірбаянымен және суретшінің өзіндік ерекшелігі бар туындыларымен таныстыру көзделген көрмеде өнер музейінің құнды қорындағы «Абай», «Ақынның жалғыздығы. «Тастармен сырласу», «Ақ жайық», «Бүгін және ертең», «Таң», «Саяхат» секілді оннан  астам шығармалары көпшілік назарына ұсынылды.

   Бейнелеу өнерінде өзіндік дара жолы бар қылқалам шебері Рафаэль Слекенов - 1999 жылдан бері Қазақстан Суретшілер Одағы Жастар бірлестігінің, 2001 жылдан ҚР Суретшілер Одағының мүшесі. «Жігер-2000», Халықаралық жас суретшілер фестивалінің лауреаты, «Шабыт-2001» ІV Халықаралық жастар шығармашылығы фестивалінің лауреаты.

 

«Mirca Art Group» Халықаралық Суретшілер Ассоциациясының мүшесі. 2002 жылы Венецияда, Италияда шығармашылық сапарларда болған. Суретшінің жұмыстары музей қорларында және шет елдердің, соның ішінде АҚШ, Норвегия, Англия, Нидерландиядағы өнер сүйгіш қауымдарының жеке коллекцияларында сақтаулы. Оның әр жұмысы өзіндік қолтаңбасымен, өзіне тән дәстүрімен өзгешеленеді" дейді экскурсовод  Аида Дүйсенғали.

 

Рафаэль Слекенов өз суреттерінде ерекше түрлі көріністі, ашық түстерді, бояулар колоритін бейнелейді. Ол сонысымен де өзіндік шығармашылық қолтаңбасымен ерекше суретшілердің бірі.

Өзінің ойы мен сиқырлы сезімдерін сурет арқылы сомдайтын қылқалам шеберінің көрмесіне Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің 1 курс студенттері қатысып, суретшінің тың туындыларын қызығушылықпен тамашалады.