Атырау қаласының полицейлері 28 наурыз күні 1974 ж.т. азаматшаның Береке ықшам ауданында орналасқан пәтерінде тінту жүргізу кезінде 114 дана «Трамадол» дәрісі, 18 дана «Лирика» пластинкасы, 82 дана «Тропикамед» дәрі-дәрмектерінің ақ түсті бөтелкесін, 10 дана «Сомнол» дәрі дәрмектерінің пластинкасын тәркіледі. Бұдан бөлек пәтердің жатын бөлмесіне тінту жүргізу кезінде 725 дана «Тропикамед» дәрі дәрмегінің ақ түсті бөтелкесі анықталып, тәркіленді. Сонымен қатар 35 дана белгісіз азаматтардың жеке басын куәландыратын түрлі куәліктері мен құжаттары, 1 375 000 теңге ақша табылып, тәркіленді. Азаматшаның айтуынша ол психотроптық есірткі заттарын қарызға беру үшін, тұтынушы азаматтардың құжаттарын кепіл ретінде алып отырған. - Әккі әрекетке барып психотропты дәрілерді заңсыз сатқан тұлғалар бір пәтер арқылы тұтынушыларға дәрі сатса, көрші пәтерде көп мөлшерде психотропты дәрі сақтап отырған. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Тұрғындардан дәл осындай күдік тудырған фактілер туралы деректерді бірден полицияның 102 операторына хабарлауын сұраймыз -деді, Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев. Айта кетейік, бір ай бұрын Береке ықшам ауданында қанды шприцтер табылып, көпшіліктің наразылығын тудырған болатын. Полицейлер сол ықшам ауданнан психотропты дәрі сатумен айналысқан әйел адамды ұстап, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп, бақылауға алынғанын хабарлаған еді.