Атырау облысының полицейлері ерекше балаларға оңалтуға арналған құрылғы алып берді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жыл сайын ұжым болып қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырып келеді. Алдыңғы екі жылда Күйген және Дәулеткерей ауылының екі тұрмысы төмен отбасының баспанасына газ қазандығын орнатып, жылу желісін тартып берсе, биылғы жылы аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету аумақтық орталығындағы ерекше балалар үшін бес бірдей тірек-қимыл жүйесін оңалтатын құрылғы алып берді.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы Найзабек Құбашев мұндай игі істі орталықтың директоры Нұржан Кендебайұлымен ақылдасып жасағанын айтады.
– Бұл – жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіншілігің жетіп тұрса, неге қол ұшын созбасқа деген ізгі ойдан туындаған қадам. Бәріміз де осы Құрманғазы ауданында туылған азаматтармыз, өз ауданымызға деген жанашырлық өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа үлгі болса деп тілейміз. Тағдыры ерекше балалар – біздің қоғамның толыққанды мүшесі. Олардың арасында өмірге құштар өнерлі, талантты жеткіншектер өте көп. Қабілет жағынан сау адамнан артық болмаса, кем емес. Сіздер сондай балаларды өмірге бейімдеп, сауабы мол іс жасап отырсыздар. Бұл бейнетті еңбектеріңізге титімдей болса да жәрдеміміз болсын деген ниетіміз. Соның игілігін сіздер, балалар көріп, емделушілеріңіз жылдамырақ қатарға қосылып кетсін дейміз, – деді Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің бастығы Найзабек Құбашев.
Аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету аумақтық орталығының басшылығы мен әлеуметтік көмек алушы бүлдіршіндердің ата-аналары мейірімділікке толы жан жылуын сыйлаған аудандық полиция бөлімінің жеке құрамына алғыстарын білдірді.
Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/atyrau-oblysynyng-politsejleri-erekshe-balalargha-ongaltugha-arnalghan-qurylghy-alyp-berdi/