Атыраулық полицейлер жүргізушілерге ескерту жасады

Атыраулық полицейлер көлігінің нөмірі көрінбейтін жүргізушілерге ескерту жүргізуде, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау қаласында ауа-райының жылынып балшықты болу салдарынан автокөліктің мемлекеттік нөмірі көрінбей қалу фактілері жиі кездесуде. Бұл жағдайлар құқық бұзушылық жасаған тұлғаларды анықтау мен қандай да бір қылмыстың жолын кесуде едәуір кедергі тудырады. Соның алдын алу мақсатында Атырау қалалық Полиция басқармасының Патрульдік полиция қызметкерлері қала аумағында автокөліктерінің мемлекеттік нөмірі лас және көрінбейтін күйде басқарған жүргізушілерге ескерту жұмыстарын жүргізуде.

Осы ретте, Атырау қаласының тұрғындары мен қонақтары назарына: аталған факті бойынша құқық бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590 бабы 1 бөлігімен (Мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) оқылмайтын немесе ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін немесе белгіленген орындардан тыс жерде орнатылған, тiркелген көлiк құралын басқару) әкімшілік жауапкершілік көзделіп, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын ескертіледі.