Интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін Атырау облыстық полиция департаментінің қызметкерлері тұрғындарды сақ болуға шақырады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Есіңізде болсын, банк қызметкерлері ешқашан сіздің картаңыздың деректемелерін сұрамайды, сонымен қатар ұялы телефоныңызға келетін кіру кодтарын айтуды талап етпейді. Мұндай жағдайларда телефонмен сөйлесуді тоқтатып, банк картасында немесе банктің сайтында көрсетілген сенім телефонына қайта қоңырау шалу керек. Көбінесе егде жастағы адамдар қаскөйлердің қылмыстық желісіне түсіп қалады.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін бірнеше кеңестер:
1. Ешбір жағдайда банктің ұялы телефоныңызға жіберген СМС-кодтарын ешкімге айтпаңыз, телефон арқылы жеке және орнату деректеріңізді ешкімге айтпаңыз!
2. Тауарды сатып алу немесе қызметтерді алу кезінде шектен тыс тәуекелге бой алдырмаңыз, сатушы мен тауардың өзін көруге тырысыңыз және оның қауіпсіз екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана төлем жасаңыз!
3. Төлем карталары мен жеке басын куәландыратын құжаттардың суреттерін ешқашан жібермеңіз!
4. Банктік қызметтерге қатысты сұрақтар бойынша, нөмірлері жалпыға қолжетімді, оның ішінде ресми сайттарда жарияланған банктердің CALL-орталықтарына тікелей хабарласуларыңызды сұраймыз.
5. Интернет алаяқтарының құрбаны болу қаупі туралы отбасыңыз бен достарыңызды ескертіңіз.
6. Ұқсас жағдайларға тап болсаңыз, «102» пультіне немесе жақын жердегі полиция бөліміне хабарласыңыз.