Парадзюдодан Бакуде өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жанбота Аманжолға федерация мен спорт жанашырлары пәтер сыйлады, деп хабарлайды AtyrauPress.
"Паралимпиада ойындарында жақсы өнер көрсеткен Жанбота қола медаль үшін болған белдесуде жолы болмап еді. Есесіне ол биыл қатысқан турнирлерінің бәрінен жүлде салды. Соның ішінде әлем біріншілігіндегі жетістігін ерекше атап өткен жөн. Спортшымыздың сол еңбегін бағалаған Серік Сұңғатұлы бастаған федерациясы басшылығы мен жанашыр кәсіпкер азаматтар бірлесіп Атырау қаласынан пәтер кілтін сыйлады. Одан бөлек бір топ парадзюдошыға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар ұсынылды. Бұл спортшыларымызға жасалған үлкен қолдаумен қатар бізге зор жауапкершілік жүктейді. Алдағы жылдан да толағай табыстар күтеміз, - дейді аға жаттықтырушы Жандос Қиянов.
Салтанатты шараға облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова, ҚР парадзюдо федерациясының президенті Асылбек Өмірзақов, тете президент Асан Раушан, парадзюдодан ҚР ұлттық құрамасының аға бапкері Жандос Қиянов қатысты.
Айта кетейік, биыл Атырау парадзюдошылары үшін жемісті жыл болды. Олардың бірқатары ел чемпионаты мен кубогі, әлем біріншілігі мен Гран-При бәсекесі, басқа да халықаралық турнирлерде топ жарып, әртүрлі жүлделерге қол жеткізді.