Атыраулық Олимпиада жүлдегерлеріне Астана қаласынан пәтер беріледі

Париж Олимпиадасынан жүде алған атыраулық дзюдошыларға Астана қаласынан пәтер беріледі, деп хабарлайды AtyrauPress.

Бұл туралы Атырау облыстық дзюдо федерациясяның президенті Диас Сұлтанов федерацияның жылдық қорытынды жиынында атап өтті.


Ол алдағы Париж Олимпиадасына Атырау облысынан қатысып, одан жеңімпаз атанған дзюдошыға Астана қаласынан үш бөлмелі, екінші орын жүлдегеріне екі бөлмелі, үшнші орын иегеріне бір бөлмелі пәтер берілетінін уәде етті.


«Дзюдо – облысымызда қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Біз бұны мақтанышпен айта аламыз. Бүгінде аймағымызда  дзюдомен тұрақты шұғылданатын 5 мыңнан астам спортшы бар. Олардың ішінде әртүрлі деңгейдегі жарыстардан топ жарып жүргендері аз емес. Биыл араға 12 жыл салып қаламызда ел чемпионаты өтті. Алда да көптеген жоспарлар бар. Елдігімізді танытар сол шараларға жұдырықтай жұмылып, бірге атсалысуға шақырамын» деді облыстық дзюдо федерациясының президенті Диас Сұлтанов.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев спортшыларды өткен жылдағы жарқын жетістіктерімен құттықтады.

«Барыс жылы біздің спортшыларымыз үшін табысты өтті. Соның ішінде біраз жылдан кейін Атырау қаласында өткен дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионатын айтулы жаңалық ретінде ереше атап өтуге болады. Бұл дода аймақ спортшыларын шыңдауға, жастардың осы спорт түріне деген қызығушылықтарын арттыруға өзіндік септігін тигізді деген ойдамын. Сондықтан да ел чемпионаттарын спорттың қай түрінен де өткізіп тұруға ынталымыз. Өйткені, Атырау спортының дамуы үшін өңірімізде осындай байрақты бәскелердің ұйымдастырылуы маңызды. Жаңа жыл құтты болсын! Келер жылы әлемдік додаларда еліміздің көк Туы көкке көтерілсін» деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Салтанатты жиынға қатысушы сала ардагерлері атынан сөз алған Сайын Ирғалиев Атырау палуандарын Олимпиада ойындарынан көргісі келетіндігін айтып, жастарға батасын берді. Ал, биылғы қазақстан чемпионы Қанат Сейілхан ылайым қолдау көрсетіп, тілеулес болған спорт жанашырлары мен федерация басшылығына алғысын білдірді.

 2022 жылғы ел біріншілігінен жеңімпаз, жүлдегер атанған дзюдошыларға алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Ардагерлер, жасөспірімдер мен жастар, сондай-ақ үздік жаттықтырушыларға да марапаттар ұсынылды.  

 Айта кетейік, салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, облыстық дзюдо федерациясының президенті Диас Сұлтанов, облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова, облыстық мәслихат депутаты, облыстық кәсіподақтар бірлесітігінің төрағасы Әлібек Семғалиев, облыстық олимпиадалық резерв дайындау орталығының вице-президенті Бимырза Тайжанов қатысты.

 Суреттерді түсірген - Ерлан АЛТЫБАЕВ