Атыраулық Мұрат Лайықов қолөнерді дәріптеп отыр

Қамшы өру - ұмытылып бара жатқан қонөнердің бір түрі. Қазір қамшы өретіндер сирек кездеседі. Қызылқоға ауданының тұрғыны Мұрат Лайықов бұл өнерді жанына серік етіп, қолөнердің көне түрін дәріптеп келеді. Бұл туралы Қызылқоға ауданы әкімдігінің баспасөз қы

Жиырма бір жасынан бастап қамшы өрумен айналысатын ол бұл өнерді әкесінен үйреніпті. Қамшыдан бөлек, жүген, ноқта, тұсамыс, шідер, өре дайындайды. Қаңылтырдан ат әбзелдері мен басқа да тұрмысқа қажетті бұйым жасайды.


- Қамшы негізінен 4, 6, 8, 24, 36 өрім болып бөлінеді. Мен көбіне 8 өрім қамшы өремін. Оны жасау үшін әуелі теріні айранға салып, жүндерін сылып алып тастайтын дәрежеге жеткізеді. Иленген теріні көлеңкеге кептіріп алып, майлайды. Сөйтіп тері қайысқа айналады. Одан кейін қайысты тіліп алып, өремін. Болашақта өзімнің білгенімді жастарға, оқушыларға үйретсем деген ойым бар. Ол үшін өнерге жанашыр азаматтар көмек қолын созса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазір тапсырыс берсе жасаймын, - деді М.Лайықов.    


М.Лайықов жақында «Қол өнер дауысы – 2022» облыстық фестиваль–байқауының аудан бойынша сайысына қатысып, «Тері өнімдері» номинациясының І кезеңінде жеңімпаз атанып, облыстық фестиваль-байқауға жолдама алған еді.