Атырауда «Жаңа буын мектебі» атты ерекше форум өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Мақсат – жастардың бойындағы қабілетті дамытып, жаңа қырынан көрінуге көмектесу. Шараны «Integrity» тұлғалық даму» қоғамдық қоры ұйымдастырды. Бұған «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік көрсетті. Форумда білім беру саласын жаңа сатыға көтеру, оқу бағдарламасына жаңа трендтер мен брендтерді енгізу, соңғы үлгідегі технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтардың тілін меңгеру және басқа да көптеген маңызды мәселелер кеңінен талқыланды.
«Global Nomad Education» серіктестігінің негізін қалаушы Алмагүл Қанатованың айтуынша, форумның ерекшелігі – оған ұстаздар мен ата-аналар ғана емес, білім саласындағы сарапшылар, топ-менеджмент өкілдері мен білім беру үрдісін басқарушылар қатысты.
«Ең бастысы, біз бүгінгі жастардың ой-пікірін, талаптары мен ұсыныстарын білдік. Енді сол бойынша жұмыс жасау қажет. Яғни, жас буынның сұранысын қанағаттандыруға атсалысу керек. Олар нені қалайды, болашақта немен айналысқысы келеді, қандай жобаларды жүзеге асыруды жоспарлайды, осының бәрін ескерген жөн» дейді А.Қанатова.
Демек, мектепте де ұстаздар қауымы шәкірттерінің ұсыныстары бойынша ізденуі тиіс деген сөз. Мәселен, ағылшын тілінің мұғалімі Ислам Қадыров әр сабағын ойын түрінде өткізеді екен. Неге?
«Қазір баланың санасын әлеуметтік желі жайлап алды. Яғни, оларды күнделікті дәстүрлі сабақпен қызықтыру өте қиын. Сондықтан мен сабағымды ойын форматында өткізуді қолға алдым. Осы орайда, әлемге кеңінен тараған «Тик-ток» секілді әлеуметтік желіні ұтымды пайдаланып отырамын. Сөйтіп, балалардың білім алуға деген құлшыныстарын ояттым десем де болады. «Ата-ана, мектеп және мұғалім» деген үштік одақ бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасаса, қоғам алға дамиды» дейді жас маман.
Одан әрі шара «Өзгелердің бізді тыңдағанын қалаймыз!» атты сурет көрмесіне ұласты.
Фото: ашық дереккөз