Атыраулық Лаки есімді ит Google корпорациясында өтетін іс-шараға қатысады (видео)

Осыдан екі жыл бұрын Атыраудан АҚШ-қа кеткен Лаки жуырда Google корпорациясына өзін асырап алған жаңа қожайынымен бірге барды.

Лаки есімді салпаңқұлақ әлемге әйгілі компанияда өтетін маңызды іс-шараға қатыспақ. Бұл туралы видеоақпар төртаяқтыға арнап ашылған Instagram парақшасына салынған. Онда Google корпорациясында жуырда маңызды бір қоғамдық шара өтетіні туралы айтылған.

Естеріңізде болса, екі жыл бұрын Атырауға қарасты Еркін қала ауылында бір ер кісі Лакидің басын тоңазытқыштың есігіне қысып өлтірмек болған. Абырой болғанда, үй жануары қашып кетіп аман қалды.

Осы оқиғадан соң жануарларды қорғау ұйымы өз қорғауына алған еді. Иттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Доброе сердце» қорының еріктілері оған жаңа қожайын іздестіреді. Лакидің аянышты тағдырын естіген АҚШ азаматшасы Эллин оны өз қамқорлығына алу шешімін қабылдайды.

Сөйтіп 2020 жылдың 9 желтоқсанында адамнан зәбір көрген үй жануары Атыраудан АҚШ-тың Калифорния штатына жаңа қожайынына ұшып кетеді.

Қазір Лакидің Instagram-да өзінің жеке парақшасы бар. Оған 10 мыңға жуық адам тіркелген. Әлеуметтік желіден иттің Калифорниядағы өмірін тамашалауға болады.

Видеоны осы жерден көріңіз:  https://youtube.com/shorts/GO_z-2GEwAY?feature=share