Атыраудың көңілді жастары ұтымды әзілдерін көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды ATPress.
Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «Ақсұңқар» қоғамдық қорының ұйымдастырумен М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрында Жоғары және Премьер лига ойындарының 1/4 ширек финалы өтті. Оған 16 көңілді тапқырлар клубының жастары қатысты.
Атап айтқанда, Премьер лиганың ширек финалында: «Шекер», «Аграрка», «Дарын», «Ғажайып», «Жұрттың балдары», «Халел», «Болашақ», «Жаңа байлық" және Жоғары лиганың ширек финалында: «Бәйтерек», «Апек», «Гурьев», «Қызылқоға жастары», «Зинеден», «Еркінқала», «ПСВК» және «Қарабау» ойын көрсетті. Бұл жолғы ойынның форматы бұрынғыдан өзгеше болды. Екі лигаға жолдама алған топтар финалдық ойындарға дейін бір-біріне қарсы жекпе-жек форматында сайысқа қатысты.
Өнерлі де әзілқой жастардың ойынына «Назар Аудар» театрының ойыншысы Асылұлымбек Ахметов, Атырау облысы Ішкі саясат басқармасы жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің бас маманы Даулет Нығымет, «Сағыз» құрамасының ойыншысы Аққу Елемесова, «Жасарал» командасының ойыншысығ жас вайнер Жасұлан Айтен қазылық жасады.
Ойын тартысты әрі қызық өтті. Залда ине шаншар жер болмады. Жастар жағы көңілді тапқырлар командаларын барынша қолдап отырды. Ойынның қорытындысы бойынша, Премьер лиганың ширек финалының А тобында «Ғажайып» және «Шекер» командалары тең түсіп, 2:2 есеппен сайысты аяқтады. Бұл ойында «Аграрка» және «Дарын» командалары да осал еместіктерін дәлелдеді. Есеп 0:0. Премьер лиганың Б тобында өнер көрсеткен «Халел» командасы «Жұрттың балдарынан» оқ бойы озық шықты. Есеп 1:3. Сондай-ақ, «Жаңа байлық» командасы «Болашақты» 0:4 есебімен жеңіске жетті.
Жоғары лиганың ширек финалының Б тобында өнер көрсеткен «Бәйтерек» пен «АПЕК» 3:0 есебімен ойынды аяқтады. Ал «Гурьев» 3:1 есеппен «Қызылқоға жастарынан» басым түсті. «Зиенеден» мен «Еркінқала» командаларының есебі 1:3 болса, «ПСВК» мен «Қарабау» тең түсті. Есеп 1:1.
Жоғары лига ширек финалында "Гурьев пен "Еркінқала", ал Премьер лига ширек финалында "Жаңа байлық" пен "Дарын" құрама командалары үздік деп танылды.