Атыраулық хоккейшілер көпбалалы отбасыларға 1 млн. теңге табыстады

Атыраулық «Бейбарыс» хоккей командасы биылғы маусымда қола жүлденің иегері атанды, деп хабарлайды ATPress.kz.
Облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов хоккейшілерді жеңісімен және маусымның аяқталуымен құттықтады.
- Ойыншыларды және барша жанкүйерлерді хоккей маусымының сәтті аяқталуымен құттықтаймын. Атыраулықтардың хоккейге деген қызығушылығының зор екені қуантады. Ал, келесі жылы «Бейбарыстан» тек жеңістер күтеміз, - деді облыс әкімінің орынбасары.
Жанкүйерлер өз кезегінде ойыншылармен және жаттықтырушылармен еркін тілдесіп, қолтаңбаларын алып, естелік суретке түсті. «Командада қазақ ұлты мен жергілікті ойыншылар неліктен аз?» деген сұрақ қойған ең жас жанкүйерге хоккейшілер сыйлыққа – Бейбарыс ойыншыларының қолтаңбасы бар жейдені табыс етті.
Хоккейшілер одан бөлек атыраулық көп балалы отбасыларға көмек ретінде 1 млн. теңге ақшалай сыйлықтарын ұсынды. Сондай-ақ хоккей маусымында демеушілік көрсеткен компанияларға алғыс хаттар табысталды.