ATPress.kz тілшісі Атыраудағы «Перизат тәттілері» кондитер желісінің иесі Перизат Қанатқызына мемлекеттік маңызы бар сұрақтарды қойған еді...
– Жуырдағы Президент Жолдауынан не түйдіңіз?
– Елдің ең басты тірегіне, дүрсілдеп соққан жүрегіне айналған жастардың күш-жігері қоғамның үздіксіз дамуына үлкен үлесін тигізеді. Жұмыссыз жастар Жолдауды оқыса екен. Өйткені, Жолдауда айтылған мүмкіндіктерді әрбір жас жіті түсініп, кәсібін жүргізуге пайдаланатын болса, жұмыссыз жастардың да саны азайып, жаңаша серпіліс болады деп ойлаймын. Бүгінгі жастар қауымына мақсатқа жетер жолдар көп. Кәсіпкерлікке арналған мемлекеттік гранттарға қарағанда, алдағы уақытта 2,5 пайыздық үстемемен берілетін шағын несиелер пайдалы болатыны сөзсіз. Бұл – бар жобаны жоққа шығару деген сөз емес, мемлекеттік гранттың да пайдасын көріп, кәсібінің нәсібін жеп жүргендер бар. Бірақ, грантқа қол жеткізе алмаған жастар кәсіп бастау үшін 20 пайыздан астам үстемемен несие алуға мәжбүр болып отырғанын ескеруіміз керек. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы берілген мемлекеттік жеңілдетілген жобаны пайдаланғанның өзінде 6 пайыздық несие алады. Сондықтан, Жолдауда айтылғандай, 2,5 пайызбен несие беру жастарға мол мүмкіндік сыйлайды деп айта аламын.
– Масылдықтан қалай арылуға болады?
– Жұмыс жасамай, елден көмек күтетіндер көбейіп кетті. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға өмір сүріп, алақан жаюға болмайды. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер – мемлекеттің тірегі. Кәсіп ашу – масылдықтан арылудың кілті. Байқаймын, еңбек адамының қоғамдағы ролін төмендетіп алдық. Әлеуметтік желілердегі әдемі өмір кеңінен насихатталады да, сол сән-салтанатқа, сол қаржылық жағдайға қаншалықты еңбектің күшімен жеткендігі насихатталмайды. Соның салдарынан қоғамда «тез байып кетсем, ақшаны оңай тапсам» деген түсінік қалыптасқан. Бізде мемлекет тарапынан қанша қолдау, гранттар, субсидиялар бөлінгенімен өндірістің дамымай жатқанының бір себебі де осы – «Еңбек адамының» ролінің төмендігінен.
– Жастар ауылға неге бармайды?
– Мегаполисте жақсы пайда әкелетін көптеген бизнес-идеялар ауылда сұранысқа ие болмауы мүмкін. Сондықтан, егер сіз өзіңіздің кірісті бизнесіңізді ашқыңыз келсе, ең бастысы, қызметтің дұрыс бағытын таңдау маңызды. Кәсіпті бастамас бұрын бәсекелестердің ұсыныстарын мұқият зерттеп, тиісті қорытындылар жасау керек. Көптеген адам шағын қалалар мен ауылдарда тек ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысуға болады деп ойлайды. Бірақ, ол олай емес қой. Шағын инвестиция, арзан жұмыс күші және қымбат емес орынды жалға алу арқылы да жетістікке жетуге болады. Қазір ауылдың қыз-келіншектері ютуб, әлеуметтік желілер арқылы фудблогерлерден түрлі тәтті пісіруді үйреніп алып, өнімдерін дүкендерге сатылымға қойып отыр. Бұл хоббиларын шағын бизнеске айналдыруға мүмкіндік бар. Бизнес жоспарын дайындап, мемлекеттік гранттарға қатысып, бақтарын сынауларына болады. Сол арқылы техникаларын алып, неге кондитерлік цех ашпасқа?! Табыс әкеледі, өзі секілді қызкеліншектерді жұмыспен де қамтиды.
– Ал, сіз кәсібіңізді қалай дамыттыңыз?
– Қарамағымда 20 шақты қыз-келіншек жұмыс жасайды. Жұмысқа адам таба алмаған кездер болды, жұмыспен қамту орталықтары арқылы бірнеше адамға телефон шалып, жұмыс ұсынғанымда 80-100 мың еңбекақыға ешкім келмеді. Сылтаулары көп. Қазіргі командамды негізінен әлеуметтік желі арқылы құрдым.