Атыраулық кәсіпкер Анар Бекмамбетова 1 қорап жауынқұртты 6 айда 400 мыңға жеткізді деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жауынқұрт – топырақты құнарландыруда таптырмайтын жәндік. Оны өсіруді Анар Бекмамбетова жыл басталғанда қолға алыпты. Ол құрттарын жапырақ, тал сабағы және төрт түліктен бөлінген органикалық заттармен қоректендіру арқылы «биогумус» деп аталатын биологиялық тыңайтқыш шығарады.
- Бұл кәсіпті қолға алуымның өзі қызық болды. Жаңа жылға күйеу балам 1 қорап жауынқұртын әкеліп берді. Содан бастап зерттеп, үйде өсіріп қарадым. Олар көбейе бастағасын, тағы да жауынқұрттарын сатып алдым. Қазір 40 шаршы метр аумаққа көбейді,-деді кәсіпкер әйел.
Кәсібін үй іргесінен ашқан Анар қазір қолдағы құрттарға малдың қиы мен жеміс-жидек, көкөніс қалдықтарын береді. Мұндай органикалық тыңайтқыштарды ауыл ішінен табу қиын емес. Алайда, жауынқұрттың калифорниялық түрі жоғары бағаланатындықтан, оның күтімі де соған сай болуы қажет.
Калифорниялық жауынқұрттың нарықтағы құны 1 шаршы метріне 150 мың теңге тұрады. Түркістан облысында оның саудасы қызып тұрса, бізде енді қолға алынып жатыр.
- Құрттарды дернәсіл кезінде малдың қиы мен жеміс-жидек қалдығына тастаймын, олар 3 айда оны қорытып береді. Одан соң оларды елекпен елеп, саттыққа әзірлеп қоямын. Содан қайтадан қалдықтарды қорытуға жіберемін, солай бұл процесс тоқтаусыз жалғаса береді,- дейді Анар Бекмамбетова.
Кәсіпкер әйел кішкентай ғана ауласында тек жауынқұрт қана емес, одан бөлек жеміс-жидек пен көкөністің сан түрін баптап өсіріп отыр. Солардың бірі – бізге шет елден келетін марокко жалбызы.
-Бұл жалбызды да әріптесімнің айтуы бойынша өсірдім. Марокко жалбызының таптырмайтынын, табылған күнде қымбат екенін айтты. Кейін "Осыны кәсіп қылып көрсеңші" деп кеңесін де берген. Расында да солай екен. Сол күні 1 келі әкеліп, 2 апта тамырландырдым. Сосын аулама ектім. Енді сұраныстың көптігінен, жалбыздарды өсіріп үлгермей жатырмын, -дейді кәсіпкер.
Енді Анар Бекмамбетова құрт пен жалбыз өсіру ісін кеңейтпек ойы бар. Өйткені, оған шаруалардан сұраныс артып отыр. Қолынан келетін кәсіпті жандандарып, биогумуспен жергілікті егіншілерді қамтамасыз етсем деген арманы бар.
- Қарап тұрсаң құрт өсіргеннің пайдасы шаш етектен. Алдымен еңбекқорлыққа баулиды. Екіншіден, өңірдің тұзды жерін құнарландыра аламыз. Үшіншіден, көлемін арттырып, республиканы қамтамасыз ете алсақ, сырттан сатып алмаймыз. Өз ақшамыз өзімізде қалады,- дейді бағбан.
Еліміздің оңтүстігінде әлдеқашан дамыған бұл кәсіп түрі батыс өңірлерде енді қанат жая бастады. Анар Бекмамбетова секілді кәсіпкер жандар көбейсе, алдағы уақытта сапалы әрі құнарлы өнімдерді атыраулықтар да тұтына алады.