Атыраулық дәрігерлер отаның жаңа әдістерін үйренуде

Жоғары нәтижеге қол жеткізу және халықты емдеу үшін қолайлы жағдай жасау. Израильдік дәрігерлер Атырауға осындай мақсатпен келіп, жергілікті ақ халаттыларға заманауи емдеу тәсілдерін үйретіп жатыр.

Шетелдік дәрігерлер Атырауға екінші рет ат басын тіреп отыр. Алдағы 3-4 жылда  атыраулық дәрігерлер толыққанды тәжірибе жинақтап, жаңа әрі заманауи құрал жабдықтардың көмегімен өздігінше күрделі оталарды жасайтын болады.  Шеберлік сабақтары аяқталған соң қатысушыларға халықаралық деңгейдегі сертификаттар беріледі .

- Біз өткізетін шеберлік сабақтарының мақсаты - облыстың медицина саласында жұмыс істейтін кадрлардың кәсіби деңгейін арттыру.  Жоғары нәтижелерге қол жеткізу және халықты емдеу үшін қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ, денсаулық сақтау басқармасы атыраулықтардың басқа елдерге шықпай-ақ өздерінде емделуі үшін барлық жағдайды жасауға дайын. Арнайы медициналық жабдықтармен жарақтандыру жүзеге асырылуда, дәрігерлер өз дағдыларын үнемі жетілдіріп отырады.  Ана мен бала, онкология бағыттарында ота жасау түрлерін әлемге танымал дәрігерлер үйретіп жатыр, - дейді Израильдегі MVI медициналық орталығының  директоры Н.Меллех.

Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің айтуынша, алдағы уақытта 80 дәрігерді Израиль, Ресей, Түркия елдеріне кәсіби біліктіліктерін арттыру үшін жіберу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында да ұдайы түрде тәжірибе алмасу жұмыстары жүзеге асырылып келеді.

-Израильдік әріптестеріміз Атырауға екінші рет келді.  Бүгінде дәрігерлер машықтанып, бұрыннан да жақсы ысылды. Қазір израильдік дәрігерлер ота жасау кезінде  қандай медициналық құрал-жабдықтар қажеттігін айтты. Біз өз тарапымыздан тізімін жасап, алдағы уақыттың еншісіне жоспарлап қойдық, - деді А.Байдувалиев.

Айта кетейік, Атырауда бірнеше медициналық мекемелер ашылады деп жоспарлануда. Осы ретте білікті дәрігерлердің ауадай қажет болатыны сөзсіз. Сондықтан қазірден бастап  олардың дағдылары шыңдалып, емдеу ісінің озық үлгілері бойларына сіңіріліп жатыр.