Атыраулық бойжеткенді әкесіндей адам зорламақ болған

Жиырма жасар атыраулық қыз алкогольді өнім тұтынған ер адамның құрбаны бола жаздады, деп хабарлайды AtyrauPress.

1965 жылғы азамат жас қызды қоғамдық көліктен бастап торуылдап, соңынан қуған. Жантүршігерлік жағдай 20 қыркүйек, таңғы сағат 11:00 шамасында болған. Жұмысқа шыққан қызды орта жастағы азамат қоғамдық көліктен бастап аңдып, діттеген жерге келген уақытта соңынан ілесіп, артынан қуған. Кейін шашын жұлып, сүйреткен көрінеді. Арам пиғылды тұрғыннан жас қызды куәгерлер арашалап қалған көрінеді. Қыздың жақындары масаң күйде көше кезген азамат жазасыз қалмауы тиіс деген ойда. Бұл ақпаратты baq.kz мәлім етті. 

– Қарындасым таңғы 10 да жұмысқа кеткен. Бір сағаттан кейін жылап хабарласты. Белгісіз ер адам таныспақ болып соңынан қалмаған. Қолын ұстап, сөзге тартқан. Қарсылық танытып, қашқасын, соңынан қуып шашынан жұлып сүйретіпті. Сол жерде көмектескен куәгерлерге алғысым шексіз. Енді ол сытылып кетпей, жазасын алуы керек, дейді қыздың ағасы Бауыржан.

Ішімдікке тойып алған ер адамды полиция қызметкерлері бірден қолға түсірген. Қазір ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73 бабы 1 бөлігіне сәйкес хаттама толтырылып, уақытша ұстау бөлмесіне қамауға алынды. Айта кетейік, тәртіпсіздікке барып, өзінен 37 жас кіші қызға тап берген азамат бұрын істі болмаған.