Атыраулық боксшы ел біріншілігінде топ жарды

Бокстан ерлер мен жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

1-9 желтоқсан күндері Павлодар облысында бокстан ерлер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. "Баянтау" спорт кешенінде өткен сайысқа 200-ге жуық еліміздің мықты боксшылары қатысты.

"Жылдың басты бокс додасында атыраулық спортшы Аманат Сабырғали +92 келі салмақта ақтық сынға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды. Аманат жартылай финалда павлодарлық Букаев Олжасты ұтса, ақтық сында алматылық Дамир Тойбайға ұтылды" дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Ілияс Шайхиев.

Бұған дейін де жастар арасындағы бокстан Азия чемпионатында алтын медаль иеленген Аманат Сабырғалимен біз де тілдесіп көрген едік.

"Моңғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында бокстан жастар арасында Азия чемпионаты өткен болатын. Сол кезде ұлттық құрама сапында ауыр салмақ дәрежесінде сынға түсіп, құрлық додасында жеңіске жеттім. Іріктеу кезеңдерінде Ирак және Үндістан боксшыларын, ал, ақтық сында Оңтүстік Корея спортшысын ұттым. Кіші жасөспірімдер, жасөспірімдер және жастар арасында Қазақстанның үш дүркін чемпионы атандым. Басқа да түрлі халықаралық турнирлерде топ жардым. Осы жеңістерімнің артында жаттықтырушым Сахипов Ерлан және екінші жаттықтырушым Торғаев Сәрсенбай ағаларымның зор еңбегі жатыр" дейді ол.

Сондай-ақ, 2-6 желтоқсан күндері Қостанай қаласында бокстан 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. 52 келі салмақта сынға түскен Кенжебай Алихан барлық қарсыластарынан басым түсіп, ел чемпионы атанды. Ол Павлодар, Абай, Шымкент және Жамбыл облысының боксшыларынан басым түсті.