Атырауда қырық жылға таяу алма өсіріп келе жатқан бағбан тұрады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
«Арай» шаруа қожалығының иесі Мұрат Каликовтың айтуынша, осыдан тура алпыс жыл бұрын сол кездегі «Гурьевавтотрест» кәсіпорны Сарыөзектен алма бағын өсіруді қолға алған болатын. Алғашқыда алма бес гектар аумаққа өсірілді. Содан өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін халықты асырады десе де болады.
Кейін тұрмыстық қажеттілікке орай, тұрғындар алма ағаштарын отынға шауып алды. Сөйтіп, жайқалған бау-бақша бір сәтте көзден ғайып болды. Араға жылдар салып, кәсіпкер өткеннің өнегесін қайта тірілтуге күш салды.
– Әлі есімде, – дейді ол, - алма бағын бүтін бір отбасы болып күтіп-баптадық. Бағбан болудың барлық қыр-сырын білген әкемнен көп нәрсені үйрендім. Қайнаған жұмыстың қақ ортасында жүрген украин мен армян ұлтының өкілдері, олардың есепсіз еңбекқорлығы бүгінге дейін көз алдымда. Он шақты жұмысшыға үкімет есебінен үй тұрғызылды. Әке-шешем де таңның атысы, күннің батысы сол бақта тыным таппады. Соның әсері болса керек, мен де бағбандыққа үйір болдым. Әттең, сол кездегі тұрмыстың қиындығына қарсы тұрар тұрғын табылғанда, ол бақ қазір де жайқалып тұрар ма еді, кім білген?
Мұратына жеткен Мұрат
Ол он бес жасында әкеден айырылса да, аманатынан көз жазбапты. «Аманаты» деп отырғанымыз, бақта моторист болып қызмет қылып, суару жұмысымен айналысты. Кейін тракторист мамандығын алды. Ақыры, көп кешікпей агробиостанса меңгерушісі болып тағайындалды.
Артынша, сексенінші жылдары алма бақ облыстық денсаулық сақтау басқармасының иелігіне (өкпе аурулары ауруханасына) өтеді. Мұндағы мақсат – науқастарды оңалту. Дәрігерлер бақшаның мән-жайын қайдан білсін, дереу Мұратты шақырып алып, суарып тұруды өтінеді. Бірақ кейін бақтың өз мақсатында пайдаланылмайтыны анықталып, оның аумағы ақ халаттыларға бөлініп беріледі. Осылайша бағбанға бұрынғыдай бақ суаруға рұқсат етілмейді. Амал қанша, білікті маман сүйікті ісінен қол үзеді. Бірақ ол еңсесін түсірмей, үй салып, шаңырақ көтеріп, ұрпақ тәрбиелейді.
Бірде баяғы бағы не болғанын білгісі келген бағбан алма ағаштарына қарай асыға жөнеледі. Келсе, өз көзіне өзі сенбей, шошып кетеді. Кешегі күннен бір белгі де жоқ. Тұрған орны тақтайдай теп-тегіс. Содан бір сәт сәл ойланып алып: «Осы бақтың бағы жанбаса, «бағбан» деген атым өшсін» деп күбірледі. Ондағысы Атыраудың алмасын халқына қалайда қайтарамын деп ант бергені. Міне, бүгінгі кәсіпкердің кешегі «ерлігі» осылай басталған еді. Түсінген адамға осының өзінен мол өнеге алуға болады.
Атыраудың «Арайы»
Енді әңгіме тізгінін бизнесменнің бүгінгі тыныс-тіршілігіне бұрайық. Бұл жолда кәсіпкер өзінің ақ адал маңдай ақысын да аямағанын айтады. Бейнетсіз зейнет бола ма? Бір жылдары қар қалың жауып, ашыққан қояндар ағаштарды кеміріп тастады. Бірақ қиындықтан қашпауға үйренген Мұрат бұл жолы да бақтан бас тартпады. Өйткені алма бағы – оның шын мәніндегі бар байлығы.
Қазір ісі оңға басқан. Бақшаның қызығына кенелетін күн туған. Алты жылдан бері «Арай» шаруа қожалығы тұрғындарға қолжетімді бағамен жергілікті өнімдерін ұсынып келеді.
«Алманы өзім кептіріп, турап, кесіп, компотқа дайындаймын. Бәрі де маған бала кезден таныс жұмыстар. Алдағы уақытта үлкен цех ашқым келеді. Оған қажетті жерастынан орын да дайындап қойдым. Онда үш тоннаға дейін алма сақтауға болады. Атыраулық балаларға арнап алма езбесін шығару ойымда бар. Әр ағашқа 120 келі малдың көңі керек. Сол мақсатта 15 өгіз өсіруге бел буып, биыл оған азық болатын жоңышқа өсіруді қолға алдым. Екінші жағынан, халыққа ет сатып, алған несиемді қайтарамын. Бес жылдан бері қажетті қора-қопсы құрылысын да жүргізіп жатырмын», дейді бизнесмен.
Бүгінде бақта 470 түп алма, алмұрт, өрік, шие және қарақат сынды жеміс ағаштары бар. Былтыр бағбан тағы бір аумаққа 200 алма ағаш егіпті. Айтуынша, жақында ерте пісетін алмадан мол өнім жиналған. Көбінесе, кеш пісетін жемістер жақсы сақталады екен. Олар ерте күзде пісе бастайды. Кейде, тіпті тапқан табыс түгелдей шаруадан ауыспайтын кездер де бастан өтіп тұрады.
– Кәсіпкерлерге айтар кеңесім, бүгінгі істі ертеңге қалдыруға болмайды. Қазір көптеген жастар жеке кәсіппен, соның ішінде, жеміс өсірумен ертең зейнет жасына жеткенде айналысамын деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Мұны мен өз тәжірибемнен түйдім. Сөйтіп, шаруаға білек сыбана кірісіп кеттім. Себебі ертең кеш болатынын түсіндім. Қолдан келгенше кешегі аталар аманаты – алма бағын кейінгі ұрпаққа тапсырғым келеді. Адам баласының жарық дүниеге келудегі мақсат-міндеті де сол емес пе? Білмесең – үйрену, білсең – үйрету, – дейді бағбан.
Миллион кімге бұйырады?
Иә, айтса айтқандай, қазір бизнес бастаймын дейтін тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау жеткілікті. Бірақ соған қол жеткізу жағы қиынға соғып тұрғаны болмаса...
– Көктемде алғашқылардың бірі болып аз-мұз тыңайтқыш алуға несие сұрап, өтініш бердім. Оның бір тоннасы – 300 мың теңге тұрады. Бірақ әлі қолыма тиген жоқ. Астана қаласына қоңырау шалғанымда, «сізден ешқандай сұраныс түскен жоқ» деп жауап берді. Осылай жүргенімізде, «біз сұраған көмекті ертең өзгелер иемденіп кетпей ме?» деген қорқыныш бар. Сонда әлгі бөлініп жатқан қаржы қайда? Биыл да мал азығын дайындайтын техника мен жылыжай үшін мемлекеттен несие сұрап отырмын, – дейді ол.
Жасырып қайтеміз, бүгінде бұл – барлық ауыл кәсіпкерінің басындағы мәселе. Оны шешу үшін сол несиеге қолы жетпеген жандарды тауып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Қолдан келген көмекті аямаған жөн-ақ.
Бейнежазба: Арсен БОРАНОВ