“NeМолчи” қорының жетекшісі Дина Таңсәрі жеңгесінің ұлына зорлық көрсеткен атыраулық азаматтың қылмысын әшкереледі, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жеті жасар бала – зәбір көрген әйелдің бірінші отбасынан екен. Аталған қорға жіберілген видеода бала көкесінің не істегенін егжей-тегжейлі баяндап берген.
Әйел де жұбайының туыстарынан зәбір көріп, таяқ жеген. Тіпті, өз-өзіне қол да жұмсаған. Абырой болғанда, дәрігерлер өмірін сақтап қалған.
"Ұлы анасы үшін алаңдап, шындықты айтпаған. Бірақ, анасы сезіктеніп, ақыры үйден қашып, полицияға арыз берген. Әйел әбден қиналып кеткен, оған психологиялық, заңдық және материалдық көмек қажет" дейді құқық қорғаушы.
Мейірім Ердәулет, облыстық полиция басқармасының өкілі:
– 20 қаңтар күні Атырау қаласының 1988 жылғы тұрғыны өзінің 2015 жылы туған ұлына қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер жасалды деген факт бойынша полицияға келіп арызданған. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚК 124-бабы І-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары басталып кетті. Сот-медициналық экспертиза тағайындалды.