Атыраулық айтыскерлер облыстық мәдениет басқармасын сынға алды

Атыраулық айтыскер ақындар облыстық мәдениет басқармасының жұмысына көңілдері толмайтындықтарын айтты, деп хабарлайды ATPress.kz.

Бұл туралы айтыскерлер облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қабылдауында әңгіме барысында сөз қылды.

Серік ШӘПКЕНОВ, облыс әкімі: 

«Халқымызда: «Ақынын әкімі іздеген ел бақытты» деген қанатты сөз бар. Өйткені, ақындар - елдің көкейіндегі сөзді дөп басатын, оны жеріне жеткізіп айта алатын дарын иелері. Көптен бері аймағымыздың айтыскерлерімен кездесуді жоспарлап жүргенмін. Бүгін сәті түсіп жатыр. Сіздермен жолығудағы мақсат – қоғамдағы елеулі мәселелер мен өздеріңізді толғандырған түйткілдерді бірге саралау.

  Атырау айтысының ардагері Жәниба Қарасаева мен Шынарбек Қабиев, Серікбол Панабердиев, Сырымбек Сәрсенбаев, Шалқарбай Ізбасаров бастаған бір топ ақын өз ойларын ортаға салды.

Бұған дейін Атырауда айтыскерлерді облыс әкімінің өзі шақырып, арнайы қабылдаған кезі болмаған екен. Ақындарын алғаш болып қабылдаған аймақ басшысына өнер иелері ризашылықтарын білдірді.

 Шынарбек ҚАБИЕВ, ардагер айтыскер:

"Атырауда ақын жоқ» деген кезде аймақ намысы үшін сан додаға шығып, талай бәйгені қанжығаға бөктерген, бүгінде ардагерлер сапына кіре бастаған ақындардың біріміз. Сол кезден-ақ, мәдениет басқармасы деген мекеменің бір жылуын сезбеппіз, әлі де солай. Айтпағым, ақынды іздеп жатқан мәдениет басқармасы жоқ. Тіпті, оларды танымайды да. Атырау айтысының қарлығашы атанған Жәниба Қарасаева апамыздың биылғы 75 жасы тым болмаса аудандық деңгейде аталмапты. Осының өзі ақындарға деген құрметтің қаншалықты дәрежеде екенін дәлелдесе керек".

Айтыскерлердің барлығы дерлік ұлттық өнерге деген қолдау жоқтың қасы деген пікірде. Көбіне-көп мінберлерде айтылатын ұлттық рух жайлы ұран сол жерде қалады дейді олар.

Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ, айтыскер ақын:

 «Рухани жаңғыру» деген бағдарламалық мақала шыққанда жабыла мақтап, жұмыла қолдағандар оның түпкі мәніне бармастан, дала кезіп, мола аралап кетті. Ақиқатында ол ұлттың рухын оятатын, тіліміз бен ділімізді насихаттайтын мүмкіндік еді. Ол кезде де Атырауда ұлт мұрасы – айтыс өнеріне мән берген мәдениет басқармасын көрмеппіз. Тіпті, аймақтағы ақындардың түр-түсі түгіл атын білмеуі мүмкін басқарма басшылары. Кез келген жап-жас бала шулап жүгіріп жүрген сахнаның біріне Жәниба апайдың 75 жасын тойлап, кешін өткізсек, неміз кеміп қалады екен?".

Бүгінде республикалық айтыстарда облыс намысын қорғап жүрген Шалқарбай Ізбасаров елдік додаларға жол шығынын өз қалтасынан өтеп барып жүрегенін, басқа облыс ақындарында бұл мәселе жолға қойылғанын айтып ашынды.

Шалқарбай ІЗБАСАРОВ, айтыскер ақын:

 «Айтыста да, ақында да шаруасы жоқ облыстық мәдениет басқармасын кейбір кезде жекеменшік мекеме ме деп қаласың. Өйткені, өзге өңірлерде ақындарға жасалатын жағдайдың мұнда шешілуі қиын. Сонда бізде заң әр жерде әртүрлі ме? Талай дүбірлі додаларға өз қаржымызбен бардық. Әлі де солай. Бүкіл елді асыраған Атырау облысы бірер ақынның айтысқа барар жол шығынын өтей алмауы үлкен сын ғой. Басқа облыстарда халық шығармашылығы орталықтары ақындарына домбыра әперіп, шапан тігіп жатыр. Ал, біздің ақындардың 95 пайызы ұлттық киім мен домбыраны асаба, әншілерден жалға алады. Жыл соңында марапатқа ұсынылып жатқан мәдениет қызметкерлерінің қатарында айтыскерлердің болмауы да қынжылтатын жағдай. Қаншама ардагерлеріміз бар, алайда олардың бір марқайып, марапат алып жатқанын көрмеппіз».

Шалқарбай Ізбасаров Атырауға ақындар үйірмесін ашу мәселесін, жылына тұрақты түрде әр ауданға бір рет және облыс орталығына қорытынды айтыс ұйымдастырып тұруды ұсынды. "Айтыс жиі өткен сайын жас ақындар да шыңдала түседі" дейді ол.

 Кеше ғана облыстық мәслихат депутаты болған жылыойлық шайыр Сырымбек Сәрсенбаев Атырауда жылына бір рет жас ақындар айтысын ұйымдастыруды және Жұмекен орталығын ашуды ұсынды.

Сырымбек СӘРСЕНБАЕВ, айтыскер ақын, облыстық мәслихат депутаты:

 «Аймағымызға белгілі айтыскер ағамыз, марқұм Салауат Исахаев атындағы жастар айтысын өткізіп тұруды ұсынар едім. Бұл жастар үшін жақсы мүмкіндік болар еді. Маңғыстауда жуық маңда ашылған Әбіш Кекілбаев атындағы мәдени орталықта болдым. Жергілікті ақын-жазушылардың мұралары сақталған рухани орынды көріп, осындай орталық бізде де болса деген ойда қалдым. Атырауда жаққұт жыры қазақтың Әнұранына айналған Жұмекен орталығы ашылса қандай жақсы болар еді?».

  Айта кетейік, жақында Шынарбек Қабиев, Сырымбек Сәрсенбаев, Шалқарбай Ізбасаров облысымыздың атынан белгілі меценат Дулат Тастекеевтің демеушілігімен өтетін «Хабар» агенттігінің «Асыл домбыра» тележобасына жүргелі отыр. Онда еліміздің әр өңірінен келетін 20 команда бақ сынайтын болады. 

Ақындардың назы мен ұсыныс-пікірлерін жылы қабылдаған Серік Шәпкенов айтылған мәселелерді шешуге тырысатынын айтты және додаға аттанғалы отырған үш айтыскерге сәт сапар тіледі.