Атыраулық автордың үш кітабы жарық көрді

«Мәңгілік ел» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахметтің үш бірдей еңбегі жарық көрді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«История Атырауского края на страницах местной периодической печати в 1915-1918 гг.» деп аталатын кітап тарихшы, өлкетанушы, басқа да мамандарға арналған. Әсіресе, Отан және туған жер тарихы мәселелеріне қызығушылық танытатын оқырмандар үшін – таптырмас еңбек.

Жинақ Ресей Федерациясы мемлекеттік кітапханасының сирек қорында сақталған ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның Батыс өлкесіне қатсты материалдардан құрастырылған. Онда «Гурьевский вестник», «Яицкая воля», «Уральские войсковые ведомости», «Уральский листок» және «Уральский вестник» сияқты жергілікті газет беттерінде жарияланған бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы (1914-1918 жж.) Атырау өлкесінің тыныс-тіршілігін сипаттайтын мақалалар бар.

«Қазақстандағы архив ісінің тарихы (1918-1991 жж.)» атты еңбек те – жас зерттеушілер мен тарихсүйер қауым үшін құнды дүние.    

«Тарихи деректерімізді дер кезінде жинастырып, өткенімізді объективті жазуға пайдалана аламуымыздың түйіні – көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтымыз, өз еркіміздің өзімізде болмауы сияқты объективті себептермен қатар, тарихымызды ғылыми негізде жазу ісінің кеш басталуы, біздегі тарих ғылымының негіздерінің кеңестік кезеңде қалыптасуы және ұлттық төл деректерімізді негізсіз құпияландырылғалы сияқты субъективті факторлардың да әсері болғандығы белгілі. сондықтан да, өткен тарихымыздан жан-жақты ақпарат беретін деректерімізді іздеп табу, жинау, жүйелеу, сақтау және деректанулық сыннан өткізу арқылы тарихымызды жаңаша көзқарас арқылы жазу міндеті және тәуелсіздік тарихының дереккөздері мен нақты деректерін жүйелеп, ғылыми айналымға енгізу міндеті тұр» дейді автор.

Ал, «Движения под предводительством Джанхожи Нурмухамедова. Стенограмма 10-17 октября 1952 г.» деген кітапта ХІХ ғасырдың ірі тұлғаларының бірі, халық батыры, би Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастаған Сыр бойы қазақтарының елуінші жылдары отаршылдарға қарсы бағытталған ұлт-азаттық көтерілісі жөнінде құрылған комиссия мәжілісі хаттамасы түпнұсқа күйінде жарияланып отыр. Құжатта тарихты таптық көзқарас тұрғысынан «түсінуге» тырысушылық айқын бейнеленген. Басылым тарихшы, өлкетанушы, магистранттар мен студенттерге батырдың азаттық үшін күрделі күрес жолын ұғынуға ынтызар көпшілік қауымға арналған.