Атыраулық аспаз табыс "рецептімен" бөлісті

Қазір жасыратыны жоқ, кей жастар «жұмыс жоқ» деген желеумен масылдыққа малданып жатады. Алайда, арамызда жоқтан бар жасап, кәсіпкерлік курстарына қатысып, бизнес бастап жатқандар да бар, деп хабарлайды ATPress.kz тілшісі.

Солардың бірі – атыраулық кәсіпкер Перизат Қанатқызының өнімдері бүгінде «Перизат тәттілері» деген атаумен жұртшылыққа жақсы таныс. Осы орайда, ATPress.kz тілшісі жас аспаздың сәттілік рецептін білуге асықты. Алдымен, Перизаттың өзі туралы айтар болсақ, ол небәрі 27 жаста болса да, үш ұл мен бір қыздың анасы атанып үлгерген. Ол торт пісіруге кішкентай кезінен қызыққанын айтады.  

«Әлі есімде, сегіз жасымда алты жұмыртқадан бисквит пісіріп, ол шикі болып шыққан. Бірақ, бұл мені райымнан қайтарған жоқ, керісінше, жігерімді жани түсті. Ал, отбасы құрған соң, қызығушылығым одан бетер арта түсті. Жанұямды тәттілердің жаңа түрімен таңқалдыруға тырыстым. Оларға ұнаған сайын шабытым шалқыды. Үйде бала бағып отырған кезде таныстарымнан тапсырыс қабылдап, аз-мұз табыс таптым. Әрі, шеберлігімді шыңдау үшін шеберлік сыныптарына да қатыстым. Атап айтқанда, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, тіпті, Мәскеу шеберлерінен де сабақ алдым» дейді ол.

Айтуынша, табысқа жетер жолда сәтсіздіктер де орын алған. Кейбір торттардың аспаз көңілінен шықпаған да кездер болған. Бірақ, бұған бола тауы қайтқан Перизат жоқ.  Жүрек қалауымен жасап жүрген жұмысын жалғастыра берді. Тапсырыс көбеймесе азайған жоқ. Тіпті, оларды орындауға үлгермей, қасына көмекші де алады. Сөйтіп жүргенде айналасындағы адамдар жеке кондитерлік дүкен ашуға кеңес береді.  

«Сүйікті ісіңді кәсіп көзіне айналдыру айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде олай емес екенін түсіндім. Тәттілерімді тұрғындарға ұсынуға лайық орын іздедім. Ақыры, қаладағы «Лайм» ғимаратының төменгі қабатын жалға алдым. Қазір осы кәсіппен айналысып жатқаныма үш жыл болды. Осы уақыті шінде бір емес, бірнеше сауда нүктесі ашылды. Міне, «көз – қорқақ, қол – батыр» деген осы ғой. Рас, бүгінде нарықтағы баға бас бермей жатыр. Бірақ, біз халықтың жағдайын ескеріп, өнімдерімізді барынша арзанға өткізіп жатырмыз. Табыстың бір кілті осында жатыр деп ойлаймын. Себебі, қымбатшылық қыспаққа алған кезде тұтынушылар өнімнің сапасына да, бағасына да қатты көңіл бөледі. Ал, сәттіліктің екінші сыры – жаңашылдық. Яғни, көпшілікке бұрыннан таныс тәттілерді пісіре беру бізді де, сіз де жалықтырары белгілі. Сондықтан жаңа идея ойлап табу өте маңызды. Осы мақсатта біз жаңа рецепттерді онлайн түрде қабылдап, тағамдарды сол бойынша пісіреміз» дейді аспаз.

Фотоколлаж: А.Абдол