Бұл туралы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Батыс Қазақстан облысында 16-18 қыркүйекте елу жастан асқан әуесқой спорт ардагерлері арасында республикалық спартакиада өтті. Еліміздің барлық облысынан келген 400-ден астам спортшының арасында 31 атыраулық бақ сынады.
- Бүгінде облыс халқының 37 пайызы спортпен тұрақты шұғылданады. Оның ішінде ересектер де бар. Оның дәлелі спартакиада ойындарындағы жоғары нәтиже болды. Мұндай спорттық іс-шаралар ардагерлерге күш беріп, жас ұрпаққа үлгі болады, деді Н.Төлеуова.
Спартакиада қорытындысы бойынша үстел теннисінен Атырау облысы алтынға ие болса, қазақ күресінен төртінші, волейболдан алтыншы, шахматтан жетінші орынға қол жеткізді. Ал жалпы командалық есепте облыс құрамасы екінші орын алып, жоғары нәтиже көрсетті.