Бүгінде сәбидің денсаулығы жақсы, жақында бір жасқа толды, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Екінші сәбиін ерте босанған Перизат Қайырбаева 700 грамдық шақалақтың өмірі үшін күрескен дәрігерлердің ерлігін көзіне жас ала отырып еске алды. Оның айтуынша өмірге келген бойда сәбидің өкпесінен қан кетіп, іріңдеген. Өмір мен өлімнің арасында жатқан нәрестеге қысқа уақыт ішінде төрт мәрте қан құяды. Оның үстіне жүрегі дұрыс жетілмегендіктен, бала тым әлсіз болған.
- Арада бір жыл өтсе де, өмірі үшін күрескен нәрестемнің әр күні есімнен кетпейді. Жүкті адамның ағзасы стандарттарға бағына бермейді ғой. Жүктілігіме 6 ай толған уақытта күтпеген жерден босанып қалдым. Бұл өткен жылдың 9 қазаны болатын. Бойы небары 30 сантиметр болған сәбиім 725 грамм салмақпен өмірге келді. 26 аптада өмірге келгендіктен, іш құрылысы толық дамымаған еді. Өздігінен демала алмады. Баланы бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Дәрігерлер баланың ағзасында инфекцияның көп екендігін айтып, «үміт аз, кез-келген жағдайға дайын болыңыз» деп ескертті. Атырау қалалық перзентханасынан қызым екеуміз тура үш ай өткенде ғана шықтық. Осындай қиын кезде баламды аман алып қалу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, сәбиімнің өміріне араша болған дәрігерлер Гүлзейнеп Дюсуповаға, Әсел Каукеноваға, Гүлжан Шаймердиноваға, Кәмшат Сағындықоваға, Айзада Орынбасароваға, Индира Сабырқызына және медбикелерге аналық алғысымды білдіремін, деді П.Қайырбаева.
Атырау облыстық перинаталдық орталығының шала туған нәрестелер патологиясы, II кезең күту бөлімінің басшысы Түрлен Мұздыққызының айтуынша, соңғы он жылда елімізде шала туылған шақалақтардың өмір сүру көрсеткіші 2 есе өскен.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нәтижелі перинаталдық технологиялардың, медицина саласының ілгерілеуі нәтижесінде, шала туылған сәбилердің өмірін сақтап қалу көрсеткіші көбейіп отыр. Кемінде салмағы 500 грамм, бойы 25 сантиметр болатын шақалақтың өмір сүру мүмкіндігі жоғары, дейді ол.