Атыраулық Әбиба - дзюдодан әлем чемпионатының жүлдегері атанған алғашқы қазақ қызы

Ташкент қаласында дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында атыраулық Әбиба Абужақынова қола жүлдегер атанды.

Ә.Абужақынова 48 келіге дейінгі салмақта қола жүлде үшін бәсекеде чилилік Мари Ди Варгас Леймен татамиге шықты. Белдесу өте тартысты өтіп, қосымша уақытта чилилік дзюдошы үшінші ескерту алып, жеңіс Әбибаға берілді.

Алғашқы белдесулерін сәтті өткізген Әбиба жартылай финалда жапониялық Нацуми Цунадеге есе жіберген еді. Осылайша, ол қазақ қыздары арасынан алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Бұған дейін Қазақстан атынан күрескен Отгонцэцэг Галбадрах дүниежүзілік додада жүлдеге қол жеткізген еді.

Айта кетейік, Әбиба биыл  биыл Астанада өткен Азия чемпитонатының күміс медаліне ие болған еді. Сондай-ақ Ұлан-Батырда өткен Grand Slam турнирінде жүлдегер атанды.