Кәсіпкерлер қызыл құрт өсіріп, биогумус өндіруді қолға алды. Табиғи таза тыңайтқыш бақша дақылдарынан алынатын өнім көлемін 7-8 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Калифорниялық құрттарға мал көңін жегізу арқылы биогумус алуды жергілікті кәсіпкерлер үйреніп жатыр. Көңнің қышқылдығын азайту үшін оны құртқа жегізеді. Осылайша, өңделген тыңайтқыш алынып, бау-бақша мен егістікте қолдана беруге болады.
Өңделген тыңайтқыш алынатын өнімді еселеп арттырады. Ал өңделмеген қарапайым көң болса, егістікті күйдіріп жіберуі мүмкін дейді Атырау қаласының верми фермері Асқар Құлманов.
- Мәселен, төрт түлік шөп жеген кезде оның жартысын қорытпайды. Көктің арасында арамшөптер де болады. Солардың тұқымдары көңнің ішінде қалып кетеді де, оны бақшадағы топыраққа араластырған кезде арамшөп қаптап кетеді. Оған қоса әр шөптің зең ауруы болады. Одан да өнімге зиян келеді. Бұл аз десеңіз, көңнің құрамында зиянкестер немесе басқа да құрттардың личинкалары болады. Ал биогумус таза тыңайтқыш. Калифорниялық құрттар гумин қышқылын бөліп, құнарлы органикалық тыңайтқыш жасайды, - деді фермер.
Мұнайлы өлкеге бұл кәсіптің келгеніне екі жылдың жүзі болды. Атырауда биогумус жасаумен 225 адам айналысады. Сондай-ақ, Исатай мен Махамбет аудандарында да 30 адам кіріскен. Алғашқылардың бірі болып Түркістан облысының кәсіпкерлері бастапты. Өйткені ондағы егістіктің құнарын селитра жойып жіберген. А.Құлмановтың айтуынша, ондағы кәсіпкерлер 1 гектардан 35 тонна қарбыз алса, биогумусты пайдаланғалы бері 75 тоннаға жеткен екен.
Асқар Құлманов көң жағынан мәселе жоқ екенін және осы кәсіппен айналысамын деген ниет болса жеткілікті екенін айтады.
-Төрт түлік малдың ішінен тек түйенікі ғана жарамсыз. Өйткені ол ащы шөп жегендіктен, тезегінің құрамында тұз көп болады. Қазіргі уақытта тыңайтқышты қаптап сатып жатырмыз. Бір қапта 80 литр биогумус болады. Оны 8 мың теңгеге саудалаймыз. Литр деуіміздің себебі – тыңайтқыштың 60 % дымқыл болады. Қазір атыраулық дихандармен де сөйлесіп, биогумусты насихаттап жүрміз. Әзірге олардан ұсыныс түспеді. Көп ретте жеке адамдар өз бау-бақшаларына пайдаланып, мол өнім алып отыр, - дейді фермер.
Калифорниялық қызыл құрттан тыңайтқыш алу үшін 3-4 ай қажет. Тіпті олар көкөніс қабықтарын да жей береді. Бастысы, көң 70-80 % дымқыл болуы және температурасы 15-25 градусты ұстап тұруы тиіс. Сонда құрттар пілләсінен шығып, тез көбейеді. Қызығы, құрттарды қыстыгүні де далада асырай беруге болады.