Облыс әкімі Серік Шәпкенов Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
"Құрметті жерлестер! Дүние жүзі мұсылмандарының жарқын мерекесі – Құрбан айтпен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Бастауын бағзы дәуірлерден алатын, мағынасы мен мазмұны терең Құрбан айт Қазақстан халқының рухани өмірінде қашанда айрықша рөлге ие, қоғам бірлігін нығайтуға, адамгершілік қағидаттарды сақтауға және насихаттауға ықпал етіп келеді. Құрбан айт барлық әлемдік және дәстүрлі діндерге ортақ жоғары адами, әрі гуманистік мұрат пен жасампаз құндылық – ізгілікке, мейірімділік пен әділеттілікке деген құрмет сезіміне баулиды.
Бүгінгі таңда дәл осы асыл қасиеттер қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуда ұйтқы болып табылады, маңыздылығы арта түсуде. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани-адамгершілік дәстүр бірлікке бастайды. Қайырымдылық жасау қанымызда бар қасиет, өңіріміз бен Отанымыздың игілігі үшін ұлы мақсат жолында жұмыла еңбек етудеміз. Құрбан айтта шалған құрбандықтарыңыз, мейірім-шапағатыңыз, дұға-тілектеріңіз қабыл болсын, қасиетті мереке облысымыздың әр тұрғынына, барлық шаңыраққа тек бақ-береке әкелсін! Ойға алған ізгі ниеттеріңіз лайымда орындалсын!" делінген құттықтауда.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ