Атырау қаласындағы осыдан алты жыл бұрын ашылған Ретро-саябақтың қазіргі күйі – адам аярлықтай, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Неоклассикалық үлгіде салынған саябақтан сән қашты. Амфитетардың іші қоқысқа толса, көрме залы мен дүкен тас түйін жабық тұр. Субұрқақтар да су бүркіп тұрған жоқ.
Атырау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімі былтыр бұл нысанды өз теңгеріміне алды.
«Ретро-саябаққа қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген соң халыққа ұсынылатын болады. Алдымен субұрқақтар мен суару жүйесін ретке келтіру керек. Бұзылған нысандарды да жөндеу қажет. Содан соң ғана пайдалануға беруге болады» дейді аталған бөлімнің сектор меңгерушісі Нұрбол Жампейісов.
Сондай-ақ, Жайықтың оң жағалауына жайғасқан «Жастар саябағының» да сиқы осындай. Бұл да кезінде сенімгерлік басқаруға берілген. Әйтсе де, дайын кәсіпті дамытуға кәсіпкерлердің күші жетпепті.
Өз кезегінде қалалық әкімдік мердігер мекемені анықтау үшін тендер жариялаған. Осы айдың соңына дейін жеңімпаз анықталмақ. Жастардың бірден-бір демалыс орнының тағдыры да сол кезде шешілетін болады.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ