"Атырау-Д.Нұрпейісова атындағы станса" бағытындағы пойызда салқындатқыш жұмыс жасамайды, тоқ жоқ, жолсеріктер немқұрайлы, ылғалды тазалық жұмыстары жүргізілмейді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Жолаушылар пойыз қызметіне деген шағымдарын редакцияға осылай жеткізді.
"Құрманғазы ауылына бармақ болып пойызға отырған едім. Бес сағатқа созылған бұл сапарды ешқашан ұмытпаймын. Жолаушылардың жүрегі қысылып, менің қан қысымым көтерілді. Себебі, бес вагонның бәрінде де салқындатқыш болғанымен, бірде-бірі іске қосылмады. Сырттағы ауа температуарсының өзі 45 градусқа көтерлісе, ал, іште 60 гардусқа дейін барды. Тіпті, терезелер де барлық вагонда ашыла бермейді. Ал, салқындатқыштың неге қосылмайтынын жолсеріктен сұрағанымызда, "көзбояушылық үшін тұр ғой" деп миығынан күлді. Билет 2785 теңге тұрады, яғни, такси қызметінен (былай күндері 5, мерекеде 8 мың теңгеге дейін) анағұрлым арзан. Сондықтан да көбісі, әсіресе, көпбалалы отбасылар мен қарттар жағы пойызға мінгісі келеді. Ендеше, бұл мәселені жауаптылар шұғыл шешуі керек қой!" дейді жолаушылардың бірі.
Айта кетейік, аталған бағыттағы пойыз 2021 жылдан бері күн сайын сағат 18:23-00:22 аралығында жүреді. Ал, тендерді ұтып алған "Otpan Logistic" мекемесінің басшысы Нүркен Қайыров 2023 жылы салқындатқышы бар дизельді вагондар сатып алынатынын былтыр ғана айтқан болатын. Бірақ... бүгінгі жағдай осындай.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ