Атыраулықтар қаладағы автобустардың қызмет сапасына наразы

«Авангард» шағынауданының тұрғындары таңғы уақытта автобустарды көп уақыт күтіп, жұмысқа кешігіп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Тек «Авангард» шағынауданы тұрғындары ғана емес, қаланың басқа да аумақтарында тұратындар осындай мәселемен бетпе-бет келуде. Олар діттеген жеріне уақтылы жете алмай, кебірі  күн сайын жұмысқа кешігуді әдетке айналдырған. Әсіресе, таңғы уақытта №№1, 12 және 30 бағыттағы автобустарды күтіп болмайды. Асыққандары жол-жөнекей такси ұстап, сонымен барады. Ал күн сайын таксимен жүргендердің қалтасының қағылары анық.

- Менің жұмысым «Стройконтора» жақта. Өзім «Авангардта» тұрамын. Күн сайын жұмысқа 15 минут кешігіп барамын. Әрдайым таксиге ақша жұмсай алмаймын. Жеке көлігім де жоқ. Басшылардан күн сайын ескерту естуден шаршадым, - дейді Жұлдыз Ахметова.

Осы ретте AtyrauPress редакциясы «Смарт Атырау» мекемесінің басшысы Арслан Ароновқа хабарласып, қоғамдық көліктің не себепті кеш келетінін сұрады.

- №12 бағыттағы алты автобус таңғы сағат 06:50, 07:00, 07:10 минутта «Балықшыдағы» соңғы аялдамадан шығады. Осы уақытта бұл бағыттың соңғы нүктесі «Авангардтан» да автобустар жүре бастайды. Олардың кешігуінің басты себебі – жол жөндеу жұмыстарының жүруінде. Кейде автобустар 20 минутқа дейін уақытынан кешігіп, қоғамдық көліктердің арасындағы жиілік бұзылады. №30 маршрут бойынша дәл осындай жағдай. Бағытқа 3 автобус - екеуі «Жилгородоктан», біреуі «Жеңіс» саябағынан шығады. Олардың арасындағы жиілік  20 минуттан аспауы тиіс.  Жолдарды жөндеу аяқталғаннан кейін кесте қалпына келіп, автобустар өз уақытымен жүреді деп үміттенеміз, - деді  «Смарт Атырау» КММ директоры Арслан Аронов.

Сонымен қатар, қоғамдық көліктердің дер кезінде жүрмеуінің тағы бір себебі бар. Арслан Ароновтың айтуынша, автобустар жиі бұзылады. Оларды жөндеугеге қажетті қосалқы бөлшектер де уақытылы жеткізілмейді. Соның салдарынан да автобустардың кешігуі орын алады.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА