Атыраулық журналист көшеге есірткі жасырды
«Астана» телеарнасының Атыраудағы меншікті тілшісі Базаргүл Нәдірқызы көше мен аулаларға «есірткі жасырды» , деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі телеарнаға сілтеме жасап.
Қара нарықтағы құны қалтаны қақса да, сұранысы жоғары синтетикалық есірткіні көпшілік жүретін орындарға тастап, әлеуметтік эксперимент жасады. Өйткені аймақта есірткі қылмысы тым «жасарып» барады. Тіпті көлікті есірткіге масайып жүргізетіндер көбейген. Күмәнді жаның әрекетіне көпшіліктің реакциясы қандай? Тілшіміздің өзі баяндасын.
Әлеуметтік экспертимент жасау үшін алдымен есірткіге ұқсас ақ ұнтақ керек. Жақын маңдағы дүкеннен ас содасын сатып алдық. Сосын есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мамандарының көмегімен зип-пакеттерге салдық. Жартысын есірткі жасырушылардың айласымен ашық скочпен орадық. Ал кеттік. Түске таяу уақыт. Аялдама маңында адам көп. Аяқ асты түсіп қалған ақ ұнтақты елеген жан болмады. Мұның не деп тоқтатқандар да жоқ. Көп қабатты үйлердің ауласы мен балалар алаңқайларына жасырған сыңай танытудамын. Алыстан күмәнмен қарағанымен, жақын келіп ешкім сұрамады.
«Есірткі қылмысымен күресушілердің айтуынша, менің бет-бейне мен киімім есірткі жасырушыларға мүлдем сай келмейді. Әдетте олар қара киім киіп, елеусіз қалуға тырысады, жүзін жасырады. Сондықтан ашық түсті киімді алмастырып, әлеуметтік экспериментті кешке жалғастыруға шешім қабылдадық» дейді журналист Базаргүл Нәдірқызы.
Саябақта демалып отырған қос зейнеткер ақ ұнтақ салынған пакетті көре сала орындығын ауыстырып, әрірек барып отырды. Жақынырақ барып сөзге тарттық.
Аш пәледен, қаш пәле деді ме? Саябақтағы өзге демалушылардың әрекеті – нөл. Бұрышқа барып, жерді қазып, пакетті көмгенді де алыстан бақылап, алаңсыз отыра берді. Тек ерлі-зайыпты жастар ғана сыртымнан фотоға түсіріп, дереу 102-ге хабарлаған.
«Бірден есірткі деген басыма келген жоқ. Өйткені күнде мұнай жағдай болып тұрмайды. Не істерімді білмей, қолмен ұстамай, аяқпен қарадым. Не екен деп кезекшіге соқтым» дейді қала тұрғыны Райымбек Рахметов.
Шақыртумен келген патрульдік полицейлердің айтуынша, куәгерлер әдетте арнайы телеграмм чат арқылы хабар береді. Әсіресе, үлкендер жағы қырағы,-дейді.
1 грамм синтетикалық есірткінің қара нарықтағы құны – 35 -50 мың теңге шамасында. Қулығына құрық бойламайтын сатушылар телеграм боттар мен өзге де интернет ресурстар арқылы сатады. Жыл басынан бері 355 кг есірткі заттар тәркіленген. 75 факт тіркелген. Оның 48і сақтау, сату, өсіру сияқты ауыр қылмыс. Есірткіні жасырушалырдың арасында кәмелетке толмағандар да бар.
«Қылмыс жасарып бара жатыр деп айтуға болады. 20 мен 30 жас аралығындағы азаматтар жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Олардың көбі басқа облыстан келушілер» дейді облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлішер Нұршаев.
Бұл бизнесті дөңгелеткендер әр жасырынған есірткіге қомақты ақы төлейді. Маңдайын терлетпей теңге тапқысы келетін жастарға оңай олжа көрінеді ол. Ал оның жазасы зор екенін білмеуі де мүмін. Бірақ заңды білмеу жауапкершіктен құтқармайды. Қылмысы дәлелденсе, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу мүмкін. Сондықтан полицейлер жасөспірімнің жеке телефоны мен жүрген ортасын көзден таса қылмауға кеңес береді.