Атыраулық жастарды жат ағымнан сақтандырды

Атырауда жастардың жат ағымның жетегінде кетпеуін алдын алу мақсатындағы кездесу өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, «Жәрдем-Атырау» корпоративтік қоғамдық қорының дінтанушы теолог маманы Мұхамедкәрім Арыстанның айтуынша, теріс ағымдардың қаупінен сақтанудың жолы - діни сауаттылықты арттыру. Өкінішке орай, жастарымыз діни сауатсыздықтың салдарынан сырттан келген жат ағымдардың жетегінде кетуде.

– Бүгінгі болып жатқан кездесу бірінші рет емес, оған дейін мектептер де жоғарғы оқу орындарында ұйымдастырылып келді. Бұрынғы ата-бабаларымыз дәстүрлі Әбу Ханифа мәзхабын, имам Мәтруди ақидасын ұстаған. Қазіргі таңда өкінішке орай елдің арасында діни сауаты аздығынан жат ағымның жетегіне еріп жатқандар көп. Оның ең үлкен зардабы біріншіден қоғамға зиян. Ал діннен алыс адамдар Ислам жаман дін деген сынды сырттай баға беріп, оларға қорқыныш ұялатады. Жат ағымнан сақтанудың жолы - әлеуметтік желідегі беталды ақпаратқа сүйенбей, ресми орындарға мешіт, медресе, діни орталардан білім алу. Біздің мақсатымыз жастарға дұрыс бағдар беру, - деді М.Арыстан.

Айта кетейік, APEC Petro Technic жоғарғы колледжі студенттеріне Атырау қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, облыстық Дін істері басқармасының жоспарына сай өткен кездесуге теолог маманмен бірге Жастар мәслихатының депутаты мен «Сенім» жастар орталығының психологы қатысты.