Атыраулық жастар әскерге аттанды
Атырау облысынан шекара қызметінің күзгі маусымына 120-ға жуық азамат шақыртылды, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгін күзгі маусымның алғашқы тобы салтанатты түрде әскерге аттанды. Сарбаздарды шығарып салу рәсіміне ата-аналары мен достары қатысты.
Айта кетейік, қазір Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі басшылығының бұйрығымен әр азамат мерзімді әскери борышын өзі өскен жерінде өтейді.
- Сарбаздар Атырау облысындағы шекара қызметіне тиесілі әскери бөлімде 1 жылдық отан алдындағы борышын өтейді. Сондай-ақ былтырдан бастап Қорғаныс министрлігінің бекітіллген бұйрығына сәйкес Отан алдындағы борышын өтеп келген азаматтар ұлттық бірыңғай тест тапсырмай белгілі бір жоғары оқу орындарына тегін оқуға түсе алады. Бұған қоса, биылдан бастап несиесі бар сарбаздарға кредиттік демалыс тағайындалған,-деді облыстық Қорғаныс істері департаменті бастығы орынбасарының м.а Руслан Ануарұлы.
Сонымен қатар, сарбаздар алты айдан соң, әскери борышын өтеп жүріп келсімшартпен жұмысқа орналаса алады. Егер орта кәсіптік немесе жоғары білімі болса Алматы қаласындағы академияға жолдама алу мүмкіндігі бар.
Мерзімді әскерге шақырту алғандардың барлығы психологиялық, кәсіби және медициналық тексерістен өткен.