Атыраулық жастар ҚР Конституциясының 30 жылдығына арналған интеллектуалды сайысқа қатысты

Атырау облысы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен зияткерлік додаға 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. 

Іс-шараның негізгі мақсаты – ҚР Конституциясының 30 жылдығын атап өту, сондай-ақ Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастардың ой-өрісін кеңейту, білімге деген құштарлығын арттыру және логикалық ойлау қабілеттерін дамыту. 

 ⁃ Сайыс барысында қатысушылар өздерінің білім деңгейін, ой-өрісін және тапсырмаларды орындау қабілетін сынақтан өткізді. Интеллектуалды сайыс 6 кезеңнен тұрды. Әр кезеңде қатысушылардың логикалық ойлауын, білімін және зейін шапшаңдығын бағалайтын түрлі тапсырмалар ұсынылды. Байқауға 5 адамнан құралған 15 топ қатысты, - деді Атырау облысы Жастар ресурстық орталығының басшысы Мансия Сағидоллаева.

Сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген командалар қаржылай сыйақымен марапатталды.