Атыраулық жас құтқарушы өрт кезіндегі ерлігі үшін «Айбын» орденімен марапатталды

Мемлекет Басшысының Жарлығымен қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен жанқиярлығы мен төтенше жағдайда танытқан ерлігі үшін азаматтық қорғау кіші сержанты Азамат Бердіғалиев Рахымжан Қошқарбаев атындағы «Айбын» III дәрежелі орденімен марапатталды, деп хабарлайды AtyrauPress.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 23 жастағы Азамат Бердіғалиев азаматтық қорғау органдарында қызметін 2022 жылы бастаған. Қазіргі таңда ол Атырау қаласындағы №3 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші-құтқарушы болып еңбек етеді.

Қызмет барысында жас құтқарушы бірнеше рет ірі өрттерді сөндіруге, апаттық-құтқару жұмыстарына және су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып, батылдық, сабырлылық және кәсіби шеберлік танытқан.

2025 жылғы 19 мамыр күні кешке Атырау қаласындағы «Авангард» ықшамауданында көпқабатты үйде өрт шыққан. Тілсіз жау ошағы үшінші қабатта орналасқан, ал барлау кезінде бесінші кіреберіс қою қара түтінге оранған болатын.

Қауіпке қарамастан, Азамат Бердіғалиев еңкейіп, жорғалап жүріп, пәтерлерді тексеруді жалғастырды. Солардың бірінен ол ересек әйел мен үш айлық сәбиді тапты. Өрт сөндіруші нәрестені көрпеге орап, анасы мен баласына респираторлық маскаларды пайдаланып шығуға көмектесіп, оларды таза ауаға алып шықты және дәрігерлердің қолына тапсырды. Оның дер кезінде қабылдаған батыл шешімдерінің арқасында түтінге тұншыққан адамдардың өмірі құтқарылды.

Көрсеткен ерлігі мен өз ісіне адалдығы үшін Азамат Бердіғалиев «Айбын» III дәрежелі орденімен марапатталды.