Атырау облысындағы Жылыой ауданында оюға тіл бітірген зейнеткер тұрады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
71 жастағы Ырзабай Оразғалиевтің ұлттық нақышқа ден қойып, оны өмірінің нышанына айналдырғанына бір жыл. Осы аз уақыттың ішінде ол, бейнелеу өнерінің кемшін қалған жанрын жаңғыртып, қайта түлетті. Бұл туралы «Қазақстан» ұлттық арнасы мәлім етті.
Ырзабай қарттың бекзат өнерге деген сүйіспеншілігі ауданда өткен сурет көрмесінен кейін басталыпты. 70 жасында бойындағы тулаған дарыны тыныштық бермей, ақыры ойлағаны кенеп бетіне ою болып төгіледі. Әр туындысы өзінше ерекше. Қайталанбас эксклюзив.
«Мынаны новаторлық десе де болады.Мен оюды суретке қосып пайдаланып жатырмын ғой. Пайдаға аспай тұрған нәрсе ғой. Кәдеге жаратып отырмын. Қазақ деген ұлтты әлемге шығара беру керек.Оны шығаратын тек мына ою-өрнек» дейді зейнеткер Ырзабай Оразғалиев.
Зейнеткер суретті салмас бұрын әуелі тақырыбын ойластырады. Терең зерттеп барып, ұлттық нақышпен бедерлейді. Ең алғаш Рамазан айына арнап, өрнекпен көмкерілген 30 картина салған. 1 жылдың ішінде 50-ге жуық туындыны жарыққа әкелген. Көбіне толғауы терең тарихты оюмен ұштастырғанды жаны сүйеді. Ұлт ұясы - Ұлытауға арналған шығармасы да бар.
«Маған үш жүздің бірлігі керек сол замандағы. Міне Кіші жүз, Орта жүз, Ұлы жүз. Сол ауызбірлік. Соны көрсетіп тұр бұл жерде» дейді Ырзабай Оразғалиев.
Шебердің қаруы – қағаз бен қарындаш қана. Көздің жауын алатын суреттерінде тек ақ пен қара түсті пайдаланады. Әр туындыға кемі 2-3 күн жұмсайды.
«Кез-келген шығарманы қарап отырсаңыз оның формасы, ара қашықтығы дәлме-дәл, аса талғаммен жасалған. Артық-кемі жоқ. Барлық баланс сақталған» дейді қолөнер шебері Қуаныш Шалабаев.
«Қазақтың ою-өрнегі өте бай ғой. Мол мұра. Оны қайталаудың қажеті жоқ.Ол өзі былай ағып жатырған теңіз секілді» дейді зейнеткер.
Әуесқой қылқалам шебері үйінің бір бұрышында жиналып тұрған шедеврлерін жарыққа шығарғысы келеді. Ұлттық нақыштың киесін көпшілік ұғынса дейді. Ерекше талант иесі – оюды әлемге танытуды мақсат етіп отыр.