Атыраулық зауытқа 7 млрд теңгеден астам айыппұл салынды

Атырау облыстық экология департаменті «Karabatan Utility Solutions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне  қатысты жоспардан тыс төрт рет тексеріс жүргізді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Нәтижесінде, аталған өндіріс орны қондырғыға алынған квота нормасын шамадан асырғаны анықталды. Экологиялық рұқсатсыз жер рельефіне сарқынды су төккен. Сондай-ақ, жерді бүлдіріп, берілген нұсқаманы орындамаған.

–  ҚР ӘҚБтК-нің 329 және 462-бабымен хаттамалар жасақталып, сотқа жолданды. Сот қаулыларымен «KUS» ЖШС-іне жалпы көлемі 7 226 210 941 теңге айыппұл салынды, - дейді департамент өкілі Эльнара Оралова. – Бұдан бөлек, сарқынды суларды төгу мен жерді бүлдіру бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 328 және 337-баптарымен 12 206 699 теңге айыппұл салынып, төгілген суды сорып алуға нұсқама берілген болатын. Алайда, серіктестік төгілген судың қысқы мезгілде қатып қалғанын және оның үлкен көлемін ескере отырып, нұсқаманы орындау мерзімін ұзартуды сұрады. Осыған байланысты, Кәсіпкерлік кодексінің 152-бабы басшылыққа алынып, мерзім ұзартылды.

Бүгінде экология департаментінен нұсқаманың орындалуы бойынша ақпараттар сұратылып, бірнешехат жолданған екен. Бірақ, кәсіпорын тарапынан әлі күнге дейін еш хабар жоқ. Ал, зауытты қайта тексеру Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 4-тармағында көрсетілгендей, заңға қайшы келеді.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Фото: иллюстратив (ru.freepik.com)