Атыраулық жастар қандай тілде сөйлеп жүр?

Тіл – сәт сайын жаңарып тұратын тірі ағза іспетті. Оны өзгеріске түсіретін қоғамның бір бөлігі – жастар. Олар қай мемлекетте де қоғамның қозғаушы күші болып табылады, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Қазақстанда 5 миллионға жуық жас тіркелген. Бұл – жалпы халықтың шамамен 30 пайызы деген сөз. Ендеше, сол жастарымыз қай тілде сөйлесіп жүр? Олар ана тіліміздің дамуына қандай үлес қосуда? Біз осы мәселені жан-жақты талқылап, арнайы журналистік зерделеу жүргіздік.

Жаргон және сленг

Жалпы, тіл білімінде «жаргон» және «сленг» деген ұғымдар бар. Бұлар – белгілі бір ортада ғана қолданылатын сөздер. Әдетте оларды жастар жағы жиі қолданады. Бұл қазақ тілінің сөздік қорына керек пе, әлде кедергі ме? Мұны біз Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Нұргүл Сәлімовадан сұрап білдік.

– Қазіргі ғылымда жаргон мен сленг өзара синонимдес сөздер ретінде қарастырылады. Олардың өздеріне тән тілдік ерекшеліктері бар. Жаргон сөздер сонау 1750 жылы көше тілі болып тіркелген. Кейін қоғамның қажеттілігіне қарай әбден белең алып, кейбірі тіпті әдебиеленіп те кеткен. Мәселен, қазірдің өзінде қолданыста жүрген «шпаргалка» сөзі бір кездері жаргондар қатарында болған. Әр буын ұрпақтың өз жаргоны болады, бұл – қалыпты жағдай. Ал, сленгтер 18 ғасырда шаруалар арасында пайда болып, әлеуметтік сипатқа ие болған. Яғни, қарапайым жұмысшылар өз қожайындарынан белгілі бір құпияны жасыру үшін арнайы сөздерді пайдаланған.

Енді екеуінің айырмашылығын айтар болсам, жаргонның өмірі сленгтен гөрі сәл ұзағырақ болады. Ал, сленг жиі жаңарып отырады, тіпті, уақыты келгенде тоқтап та қалады. Екіншіден, жаргонда эмоционалды-экспрессивті бояу – кекету, мұқату, мысқылдау басым келеді. Мысалы, «құлақтан тебу» – өтірік айту, «тізесі шығып кеткен» – ескірген, тағы басқа. Ал, сленгте эмоция мен мысқылға мүлде жол берілмейді. Бұлар – «общага» – жатақхана, «инет» – ғаламтор, «универ» – жоғары оқу орны және тағы сол секілді. Үшіншіден, жаргондар шағын әлеуметтік топқа тән, тілдік дербестігі жоқ тілдің бір тармағы болып табылады. Ал, сленг белгілі бір кәсіпке қатысты айтылады, - дейді ғалым.

«Z» ұрпақ не дейді?

Расымен де, қазір жастардың бір-біріне айтатын сөздеріне құлақ түрсек, жаңа буын «Z» ұрпақтары қазақ тіліне неологизм, яғни, жаңа сөздер әкеліп жатыр ма деп те қаласыз. Бастапқыда құлаққа түрпідей тигенімен, кейін қалай санаға сіңісіп кеткенін де аңғармай жатамыз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде жаргон мен сленг тіптен көбейді. Өйткені, зымырындай зулаған қазіргі уақытта адамдар аз сөзбен көп мағына беруге бейім. Осылайша, сөздерді қысқартып қолдану әдетке айналды. Ал, бұл тілдегі сөздік қордың азаюына алып келетіні даусыз. Осы орайда, жастардың өзі не ойлайды екен? Ендеше, біз олардың да пікірін білмекке ұмтылдық. Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің 4-курс студенті Гүлдана Тұрмағамбетова қазіргі жастар қолданып жүрген сөздердің ана тіліне ешқандай зияны жоқ екенін айтады.

– Мойындаймын, өзім әдеби нормадағы сөздерді күнделікті өмірде көп қолдана бермеймін. Бірақ, бұл менің қазақ тілін жетік білмейтінімді білдірмейді. Керісінше, мектеп қабырғасында қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларын жата-жастана оқыған жандардың бірімін. Әйтсе де, жастардың психологиясы ересектерден бөлектеу болады ғой. Мәселен, кейде өзгелерден ерекшелену үшін жаргон не сленг сөздерді қолданатыным рас. Себебі, жастардың көбі жасырын сөйлескенді ұнатады. Екіншіден, әдеби сөздер кейде қабылдауға қиын, күрделі болып көрінеді. Осы кезде сленгтер көмекке келеді. Сөйтіп, оларды қиын сөздердің жеңіл баламасы ретінде пайдаланамын.

Мысал келтірсем, «вайпты құрттың ғой» дейміз. Бұл ағылшынның «vipe», яғни, «көңіл-күй» деген сөзінен пайда болған сленг. Сол секілді, «байтить ету» – ұқсау немесе келеке қылу, «рофл» – әзіл, «краш» – сұлу адам, «хайп» – танымалдылық, «хейттеу» – жамандау, өсектеу, «кринш» – ұят, «жиза» – өміршең, «сущняк» – сусын, «ауф» – керемет, «гоу» – кеттік, «құлаққа лапша ілу» – алдау, «ботан» – оқымысты, «шарить ету» – түсіну, «типаж» – өркөкірек, «капустаға қарау» – материалдық жағдайға қарау және тағы басқа мысалдар толып тұр, - дейді ол.

«Перваш» емес, «балмұздақ» десе...

Айтпақшы, аға буын өкілдері жас кездерінде «қораға кіру» деген сленгті жиі қолданғандарын айтады. Олардан кейінгі буын бұл сөз тіркесін «косякқа кіру» деп өзгерткен. Неге? Бұған олардың өмір сүрген орталары әсер етсе керек. Орта буын өкілдері орыс тілі дүрілдеп тұрған кеңес заманында дүниеге келді ғой. Сәйкесінше, сол кездегі сленгтер орыс тілінен алынып отыр. Дұрысында, мұндай сөздерді шамадан тыс қолдану да ана тілімізге қауіпті. Өйткені, олардан кейде паразит және бейәдеп сөздер туып жатады. Солар уақыт өте келе әдеби сөздерді қолданыстан шығарып жіберуі де әбден мүмкін. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолдану аясына келгенде қыран көзіндей қырағылық танытқан абзал-ақ.

Жалпы, біз де, яғни, журналистер қауымы да әркез мемлекеттік тіл жанашырларының қатарынан табыламыз ғой. Сондықтан, сленгтерді өзге тілден емес, өзіміздің ана тілімізден алсақ қалай болар екен деген ұсыныс та жоқ емес. Осы орайда, университет қабырғасында орын алған бір қызық жағдай ойға оралып тұрғаны. Оқу орнына кіріп келген бір адам жастардан «Журналистика мамандығының бірінші курс студенттері қай қабатта оқиды?» деп сұраған еді. Сонда олардың бірі «балмұздақтар екінші қабатта» деп жауап берді. Осы кезде жастар жиі қолданатын «перваш» деген сленгтің «балмұздақ» деген қазақша нұсқасы жанымызға балмұздақтай жақты! Құлақтың құрышын қандыратын сөз! Міне, туған тілін жан-тәнімен жақсы көрсе, жастар да ана тілімізді қазақша сленгтермен байыта алады деген сөз.

Тағы бір қызықты қараңыз, ғалымдар қоғам арасында сауалнама жүргізіп, жаргондар мен сленгтерді 12-22 жас аралығындағылар көбірек қолданатынын анықтаған. Ал, бұрын бұл көрсеткіш 15 пен 25 жас аралығын қамтыған екен. Бұған ғылыми-техникалық прогрес, әсіресе, ғаламтор мен әлеуметтік желінің дамуы әсер етіп отырғаны айтпаса да түсінікті. Бүгінде бесіктен белі шықпаған баланың өзі телефонға телміріп өсіп келеді емес пе? Ал, сол телефон қай тілде «сайрап» жатыр, оған мән беріп жатқан біз жоқ. Қалай болғанда да, ғаламтор мен әлеуметтік желіде қазақ тілді контент неғұрлым көп болған сайын ана тілінің де қадір-қасиеті соғұрлым арта түсері хақ.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Суретті түсірген автор